Советтік Қазақстаннан барған адамдар батыста кімдермен кездесті, онда не айтылды, қандай мәселе ерекше назар аудартты – Азаттық радиосының осы туралы хабары 1991 жылы 15 мамырда эфирге ұсынылған екен.
1991 жылы сәуір-мамыр айларында Қазақстан діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Мұсылман әйелдер лигасының (одағының) төрағасы Әмина Нұғыманова және Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Асылы Османова Түркия мен Германияға сапарлайды. Олардың бұл сапарын Түркияда Кония қаласындағы Селжүк университеті, Германияда Еуропа ислам бірлігі және басқа да қоғамдық мекемелер ұйымдастырған.
Азаттық радиосы өзінің 1991 жылғы мамырдың 15-індегі эфирінің бір бөлігін осыған арнайды. Радионың осы хабары Астанадағы ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр.
"РӘТБЕК ҚАЖЫНЫҢ ТЕРЕҢ ДІНИ БІЛІМІ ТЫҢДАУШЫНЫ ТӘНТІ ЕТТІ"
Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық Азия діни басқармасынан жеке бөлініп, жаңадан құрылған кезі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының аталмыш сапарында көбіне Германиядағы қазақ диаспорасымен кездесуі сөз болады.
Азаттық радиосының тілшісі Әбдіқайым Бірғазыұлының хабарлауынша, сол сапарда бас мүфти 1991 жылдың 10 мамырында Кельн қаласына барған. Мүфтидің Германиядағы екі бірдей түркі мұсылман діни және мәдени қоғамдық ұйымдарының шақыруымен барғаны айтылады.
"Жұма намазын Кельн қаласындағы түріктердің үлкен мешітінде оқыған Рәтбек қажы Нысанбайұлы содан бір күннен кейін Хамельн қаласында өзін шақырған ұйым өкілдерімен кездесті. Рәтбек қажы сол күні Кельн қаласында тұратын қазақтармен де кездесті. Осы кездесуде Рәтбек қажы ислам діні, шариғат жайлы жарты сағат уағыз айтты. Рәтбек қажының терең діни білімі тыңдаушы қауымды тәнті етті. Ел оның Қазақстандағы діни ахуал туралы мәліметін де ұйып тыңдады. Рәтбек қажының осы сапары шеттегі қазақ ағайындарды да айтарлықтай разы еткен көрінеді. Олар Рәтбек қажының қазақтар көптеп тұратын басқа да шет мемлекеттерге баруына тілек білдіріп жатты", – делінген Азаттық хабарында.
"ҚОЖАЙЫНДАРЫМЫЗ АЗАТТЫҚТЫ БЕРЕ ҚОЙМАЙДЫ..."
Азаттық радиосының сол кездегі хабарларына қарағанда көбесі сөгіле бастаған Совет Одағынан барған қоғамдық ұйымдардың бұл сапары батыстағы діни ұйымдардың, оқу орындарының және зерттеушілердің назарын аудартса керек. Совет одағында Батыс елдері туралы қаншалықты қасаң көзқарас қалыптасса, Еуропада да совет мемлекеті туралы режимнің репрессиялық саясаты салдарынан соншалықты жағымсыз бейне қалыптасты. Бұл – Мәскеудің өктем саясатына қарсы тұрған елдер тәуелсіздігін ала бастаған кез. Ал Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауына әлі тура жеті ай қалған.
"Рәтбек қажы іспетті Қазақстан мұсылман әйелдер одағының бастығы Әмина Нұғыманова мен Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Асылы Османова да Германиядағы діни-мәдени ұйымдардың шақыруымен келген. Олар Түркияның Кония, Анкара және Стамбул қалаларында болған. Нұғыманова мен Османова Түркиядағы жиындардың панельдік жиындарында сөз сөйледі. Түркияның "Заман", "Түркие" және Германия мен Түркияда қатар шығатын басқа да ықпалды газеттерде ол кісілердің суреттері басылып, пікірлері жарияланды. Түркияның теледидар, радио арналары да Әмина Нұғымановадан сұхбат алған. Олар Германияның Дуйсбург, Бонн, Аахен, Дармштадт тәрізді қалаларында кездесулер өткізді", – деп хабарлады Азаттық радиосы.
Әнші, өнертанушы Әмина Нұғыманованың қайраткерлік келбеті жайында "Азаттық толқынында" подкасының 12 эпизодында кеңірек айтылған.
Азаттық радиосы Қазақ қызметін басқарған Хасен Оралтайдың кейін естеліктерінде жазғанына қарағанда Түркияға Қазақстаннан шақыртылғандар жалпы қарасы 140 адам болған. Солардың ішінде Қазақстан мұсылман әйелдер одағының төрағасы Әмина Нұғыманова мен тілші ғалым Асылы Османованың Германиядағы кездесулері жайлы баса айтылады. Германия қалаларындағы жиын, кездесулерде Әмина Нұғыманова мен Асылы Османова әлі де Совет Одағы құрамында қалған, Мәскеуге бағынышты Қазақстандағы ахуалмен таныстырған. Сондай жиынның бірі – Бонндағы Ислам мәдениет одағының құрылтайы.
Осы жиында сөз сөйлеген Әмина Нұғыманова Қазақстан қоғамында компартия билігі үстем болғаннан бергі жағдай сипаттап, "өгей ананың қолындағы жетім баланың күйін кештік", – дейді. Ол елдегі адам құқығының аяқасты болғанына меңзеп, елдің сөз бостандығы және наным-сенім бостандығынан қағылып отырғанын айтып, компартия бастаған биліктің әрекететін "зұлымдық" деп атайды.
Әмина Нұғыманова елде жетім балалар мәселесіне де тоқтаған. Ол елдегі экономикалық қиындықтар жайлы да айтып, шешілмеген әлеуметтік мәселелерге де тоқталған.
"Біз әлі азаттық алмадық. Тіліміз азат болғанымен, қол-аяғымыз байлаулы. Әлі күнге өз жерімізге өзіміз иеміз деп айта алмаймыз. Алдымызда ауыр күрес тұр. Біздің қожайындарымыз азаттықты оңайлықпен бере қоймайды. Алдымызда не күтіп тұрғанын біз әлі білмейміз. Бірақ біз – күресуге бел байлаған адамдармыз. Соған тілектес болыңыздар", – дейді Әмина Нұғыманова Бонндағы сөйлеген сөзінде.
"ШЕТЕЛДІК ПАСПОРТ ЖАСАТУ ҮШІН МӘСКЕУГЕ БАРУҒА ТУРА КЕЛЕТІН"
Азаттық радиосы осы кездесу кезіндегі қазақстандық тіл маманы Асылы Османованың қазақша бастап, түрікше жалғастырған сөзін эфирге де аудармай ұсынған екен. Асылы Османова түрікше сөйлесе де, неғұрлым қазақшаға жақын сөйлеуге тырысқаны байқалады. Ол сөзінде өзі шыққан Грузия әзербайжандарының қалай депортацияға ұшырағанын, 70 жылдан астам уақытқа созылған совет билігі кезіндегі мұсылмандардың қалай қысымға түскенін, қазақтардың кеңдігін, қазақ халқы өздері қуғындалып, репрессияға ұшыраса да, қуғын мен қысым көрген өзге халықтарды да жатырқамай құшағын жая қарсы алғанын айтады.
Асылы Османованың айтуынша, қуғын-сүргін мен ашаршылыққа ұшырамағанда қазақ халқының саны 28-30 миллион адамға жетуі мүмкін еді. Тоқсаныншы жылдардың басында өз жерінде отырған қазақтардың саны небәрі 7 миллион болған. Қалған 3 миллион қазақ – отызыншы жылдарғы ашаршылық пен қуғын-сүргінде бас сауғалап кеткендер мен солардың ұрпақтары. Совет билігі қысымға алғандардың көбі Шығыс Түркістанға көшкен. Отызыншы жылдарғы саяси зұлматтан соң аман қалған адамдарды Екінші дүниежүзілік соғыс жалмады. Соғыстан кейін адамдар Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарынан және басқа да әскер полигондағы сынақтардан зардап шекті, топырақ уланды. Одан кейін суы тартылған Арал трагедиясы басталды. "Тұз байланды. Соның салдарынан, әсіресе, балалар көптеп қырылып жатыр", – дейді Асылы Османова
Осы сапарынан 35 жылдай уақыт өткенде Асылы Османовамен хабарласқанымда, ол кісі бұл шетелге шыққан бірінші сапар болғанын айтты.
– Ол кезде визаны Мәскеу арқылы алдық. Шетелдік паспорт жасату үшін ғана Мәскеуге баруға тура келетін. Сапар барысында оны ұйымдастырғандармен қоса жергілікті қазақтармен де кездестік. Әмина апай олардың жайын жақсырақ білетін болып шықты. Өзі де Қытайдан келген, біз барған жердегі қазақтар да Қытайдан шығып, Түркия арқылы Германияға барған адамдар. Ал түрлі жиындарда әр жақтан жиналған адамдар бас қосты. Солардың алдында сөз сөйлеп, елдегі жағдаймен таныстырдық, – дейді Асылы Османова.
– Жиналғандарды қызықтыратыны – біздің елдің саясаты. Бұған қоса отбасымыз туралы және депортация мәселелерін сұрайтын. Халық бізді жақсы қарсы алды. Кездесу кезінде зал толып кететін, – деп еске алады Асылы Османова.
Бұл хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдау мүмкіндігі бар.
ПІКІРЛЕР