Алматы полициясы Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеу енгізілгеніне қарсы акция өткізген суретші Асхат Ахмедияровты ұстап әкетті. Бұл туралы құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жариялады. Төреғожинаның сөзінше, суретшіні Медеу аудандық полиция бөліміне алып кеткен.
Төреғожина Facebook-те тікелей эфирге шығып, оқиға орнынан бірнеше видео жариялады. Оған қарағанда, Ахмедияров күннің суреті мен "қайда?" деген жазуы бар туды алып, Әл-Фараби даңғылы бойында самокатпен жүрген. Видеода суретші бұл акцияны "Күн қайда?" деп атап, бірыңғай уақыт белдеуіне наразылық білдіретінін айтып тұр.
"Мен, суретші Асхат Ахмедияров Әл-Фараби даңғылына осы шығармашылық сөзіммен шықтым. Мұнда күн тұр және қайда деген сөз жазылған. Бұл қоғам талабына қарамай, уақыт [белдеуін] заңсыз ауыстырумен байланысты. Билік бізден күнді ұрлап алды. Мен осы ту арқылы және шеруім арқылы осыны көрсетіп тұрмын" деді ол видеода.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Азаттыққа хабарлауынша, полиция оны Медеу аудандық бөлімшесіне алып кеткен. Кейінірек құқық қорғаушы сот дүйсенбіге қалғанын мәлімдеп, суретшімен бірге түскен суретін жариялады. Оның сөзінше, іс әкімшілік кодекстің 448-бабы (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) мен 667-бабы (құқық қорғау органы өкілінің талабына бағынбау) бойынша қаралмақ.
Былтыр 1 наурызда Қазақстан үкіметі ел аумағында бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізіп, қоғамда бұл шешімге наразылық күшейген. Оған дейін екі уақыт белдеуінде болған Қазақстанның шығыс аймақтары үшін жаңа ережелер қолайсыздық тудырған. Үкімет платформасында бұл өзгеріске қарсы петиция жарияланып, қысқа уақыт аралығында тиісті 50 мың қол жиналды. Қол саны бұл межеден асса, үкімет оны қарастыруға міндетті. Үкімет петицияны қарастырды, бірақ оның талаптарын орындамады. Былтыр желтоқсанда Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бірыңғай уақыт белдеуін зерттеуге 54 млн теңге жұмсайтынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстанға қалай әсер етті? Билік пен жұрттың пікіріСуретші Асхад Ахмедияров елдегі түрлі оқиғаларға байланысты азаматтық ұстанымын білдіріп, наразылық акцияларын өткізіп тұрады. Қазақстан билігі бейбіт жиындар туралы заңды жеңілдеткенін айтып, мұндай жиындарға шығу үшін бұдан былай билік рұқсаты қажет емес, акция ұйымдастырушылары жергілікті билікті ескертсе жеткілікті деген. Бірақ құқық қорғаушылар бейбіт жиын өткізу тәртібі әлі қатал екенін айтады.