Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберді. Бұл жөнінде 6 ақпанда ресми Бакумен байланысты Әзербайжан ақпарат құралдары, соның ішінде Report басылымы мен Minval телеграм-арнасы хабарлады. Кейін бұл туралы ресми хабар Әзербайжан сыртқы істер министрлігі сайтында шықты.
"Әзербайжандағы Ресейдің ақпараттық-мәдени орталығы – "Россотрудничество" өкілдігі саналатын "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген", – деген СІМ өкілі Айхан Гаджизаде мәлімдемесінде.
"Ұйым Әзербайжан заңын өрескел бұзды" делінеді, осыған байланысты "2025 жылғы 3 ақпанда Ресей тарапына "Орыс үйінің" қызметін тоқтату туралы нота жіберілген". Баку Ресей тарапы "тиісті шара қабылдайды" деп отыр.
"Россотрудничество" басшысы Евгений Примаков ТАСС агенттігіне Әзербайжан билігі агенттіктің Бакудегі өкілдігін тіркеуді шынымен де талап еткенін растады, өйткені қазір ол заңды тіркеуде жоқ. Дегенмен Примаков "Орыс үйін" жабуды талап етті деп нақты айтпады.
Бакудегі "Россотрудничество" өкілдігі "РИА Новости" агенттігіне "Орыс үйі" қазір әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр" деп хабарлады.
Примаковтың айтуынша, Мәскеу Бакудегі "Орыс үйін" тіркеуге әрқашан дайын болған, бірақ оның өтініштері жауапсыз қалған-мыс.
Report агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Баку "ел мүдделерін қорғау бойынша жүйелі курсты жалғастырып, ішкі істеріне сырттан араласқандарға төзбейтінін көрсетіп отыр", Әзербайжан билігінің шешімі осыған байланысты деді. Басылым Баку бұған дейін АҚШ-тың USAID агенттігіне елдегі жұмысын тоқтатуды талап еткенін еске салды, бұл ұйым қазір қайта құрылып жатыр, көптеген бағдарламасы тоқтап тұр.
Бұған дейін Әзербайжан билігі бақылауындағы Baku.tv телеарнасы Әзербайжандағы "Орыс үйінің" жұмысы туралы репортаж жариялаған, онда өкілдік қызметкерлерін ұнамсыз әрекетпен, тіпті тыңшылықпен айналысқан деп айыптады. Сол кезде "Россотрудничество" басшысы Евгений Примаков "Орыс үйін" қорғап сөйледі: оның айтуынша, орталық "тек білім, мәдениет, ғылым саласындағы қызметпен" айналысады.
Репортаж Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатынан бірнеше апта өткенде эфирге шықты. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа Ресейдің қатысы бар деді, ол ұшақ Грозныйға қонуға тырысқанда Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі жұмыс істеді деп айтты.
Әлиев Ресейден осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырағанына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағы апаты жайлы алдын ала есепте не айтылған?"Россотрудничество" – Мәскеу қаржыландыратын, шетелде, әсіресе постсоветтік елдерде орыс тілі мен орыс мәдениетін дамытумен айналысатын агенттік.
Агенттік 2022 жылғы шілдеден бастап Еуроодақтың санкция тізіміне енген. Дегенмен бұрын Ресейдің ғылым және мәдениет орталықтары деп аталған "Орыс үйлері" Еуропаның кей елінде жұмыc істеп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оккупацияланған Қырымға Қазақстан оқушыларын жіберген Россотрудничество туралы не белгілі?