Көктемгі қарғын су төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті
Тасқын салдарын жоюда биліктің шарасыздығына наразы болған тұрғындар көшеге шығып, жолды жапты. Билік алты адамға "заңсыз митингіге қатысқаны" үшін айыппұл салды.
"Елек пен Қарғалы өзендерінің жағалауындағы бау-бақша ұжымдарында 906 отбасы бар" деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Ақтөбе, 27 наурыз, 2024 жыл.
"Ақтөбе су қоймасына бір тәулікте 150 млн текше метрден астам су құйылған. Су қоймасы мұндай көп мөлшердегі суды сиғыза алмайды. Қалаға қауіп төніп тұр. Сол себепті Ақтөбе су қоймасына жиналған суды Елек өзеніне жіберу туралы шешім қабылданды" деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті Елек пен Қарғалы өзендері жағалауындағы тұрғындарды жұмаға қараған түні эвакуациялай бастады.Оларды қауіпсіз жерге көшіру үшін 80 автобус жіберілген. Қала әкімдігі Ақтөбедегі 18 мектепте эвакуация орталығы әзірленгенін хабарлады.
Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдың ұшу алаңын да қарғын су басты. 27 наурыз, 2024 жыл.
Тасқын басталғаннан кейінгі екі күнде Ақтөбе қаласындағы 73 үйді су басқан. Суда қалған үйлерден 155 тұрғын эвакуацияланған. Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгесі түгел қарғын судан зардап шеккен. Әсіресе Қобда ауданындағы ахуал қиын: жүзден астам үй мен ондаған ғимарат су астында қалып қойды.
Өңірлердегі құтқару жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери адамдар жұмылдырылған.
Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі тасқын сияқты төтенше жағдайларға "тек қағаз жүзінде дайын болған болып шығамыз" деп мойындаған 20 ақпандағы үкімет отырысында. Қазақстанның батыс, шығыс және орталық өңірлеріндегі елдімекендерді жыл сайын дерлік көктемде қар ерігенде су басады.