Қаза тапқан Төребек Төлегеновтің анасы Зерік Тауасарова ұлының "садақасы" кезінде. Шетпе. 22 желтоқсан 2011 ж.
Желтоқсанның 17-сінде Шетпеде қайтыс болған Төребек Төлегеновтің анасы Зерік Тауасарованың жоқтауы.
Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 адам қаза болған соң, оған наразылық ретінде Шетпе станциясы тұрғындары теміржолды жапқан еді.
Ақтау станциясының ішкі істер линиялық бөлімінің бастығы Серік Кужиевтің айтуынша, желтоқсанның 17-сінде Шетпеде 350-400-ге жуық адам пойыз жолын бөгеп, полицияның жолды ашу талабынан бас тартқан. «Бірақ олар тонаушылық жасаған жоқ» дейді Кужиев.
Оның айтуынша, «полицияның наразылық танытқандармен қақтығысына Шетпеге жақын теміржол станцияларынан да 150-200 дей адам қосылып, нәтижесінде 5 полиция қызметкері жараланды».
Желтоқсанның 17-і Шетпедегі толқу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Төребек Төлегеновтың суреті.
Тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеген.
Шетпедегі қақтығыста көз жұмған жігіт - өрт сөндіру қызметінің сержанты Төребек Төлегенов оқиға кезінде шерушілер жағында болған.
Желтоқсанның 22-сі Азаттық тілшісі Шетпедегі садақа (құдайы тамақ) үстінде жазып алған аудиожазбада Төребек Төлегеновтың анасы Зерік Тауасарова ұлын жоқтайды. Ол кісі сөйлей алмай қалған кезде жанындағы отырған әйелдердің бірі жоқтауды жалғастырып әкетеді.