"ШЫҚПА, ЖАНЫМ, ШЫҚПА" ДЕП ОТЫРМЫЗ
Алматыдағы "Дочки-сыночки" жекеменшік балабақшасы жыл басынан бері сүт өнімін жеткізушілерден екі хат алған. Балабақшаның иесі әрі директоры Ольга Бутконың айтуынша, олар баға өсетінін ескерткен. Ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан теңгенің долларға шаққандағы бағамы бір жыл ішінде 17 пайыз төмендеді. Осыдан келіп азық-түлік, жуатын және тазалайтын заттар қымбаттап, коммуналдық қызмет ақысы көтерілді.
– Былтыр балабақша көк тиын пайда көрген жоқ. Өйткені девальвация салдарынан бәрі қымбаттады, – деді Ольга. – Қазір балабақшаның ақысы айына 180 мың теңге, неге бұлай екенін түсіндіру оңай емес. Мұнда кәсіби педагогтар жұмыс істейді, оларға жалақы төлеу керек. Балалар қоғамға бейімделуі керек, қалыптасқан режимі бар, бұған қоса сапалы тамақ беру керек. Бағаның өсуінен болған шығындарды жабу үшін 15 мың теңге қосуға тура келді. Ілініп-салынып бірнеше айға шыдадық. Ал қазір 40-60 мың теңгеге дейін көтеруге тура келетін сияқты!
Алматыдағы "Дочки-сыночки" жекеменшік балабақшасының иесі және директоры Ольга Бутко
Бутконың айтуынша, қосымша құн салығы өсетін болса, осылай бағаны көтеруге тура келеді. Қазір білім беру саласындағы қызмет түрлерінен ҚҚС алынбайды, реформа іске асатын болса, оның қалай өзгеретіні белгісіз.
ҚҚС деген не?
Қосылған құн салығы деген – жанама салық, тауар немесе қызметке өндіру кезінде қосылатын құнның бюджетке аударылатын бөлігі. Ол тауарды сатып алған баға мен сатқан баға арасындағы айырмаға есептеледі.
Қазір Қазақстанда жылдық айналымы (жылдық табысы емес) 78 миллион теңгеден асатын кәсіпорындар ҚҚС төлейді. Қазіргі мөлшері – 12%.
Арнайы салық режимін қолданатын мемлекеттік мекемелер мен компаниялар, дәрі-дәрмек заттар, акциз, металл сатушылар, ауыл шаруашылығы техникасы мен оның қосалқы бөлшектерін өндірушілер, бөлшек сауда салығын төлейтін бизнес өкілдері салықтың бұл түрін төлемейді.
Тауарын экспортқа шығаратындарға ҚҚС салынбайды; Қазақстан шетелге негізінен мұнай мен металл сатып отыр.
Бірақ балабақшалар қазірдің өзінде құнына ҚҚС қосылған тауар мен қызмет ақысын төлейді.
Бутко ғимаратты жалға алу құны да өсе ме деп алаңдап отыр. Қазір шығынның үштен бірі жалға алу ақысына кетеді. Жалға беруші Қазақстандағы мыңдаған шағын компаниялар сияқты жеңілдетілген жүйемен жұмыс істеп отыр, яғни мемлекетке алған сомасының 3 пайыздайын ғана төлейді.
Үкімет ұсынып отырған салық реформасы ҚҚС тіркеу шегін жылына 15 млн теңгеге дейін төмендетуді және салықтың өзін 12 пайыздан көтеруді көздеп отыр.
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшері – 16 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қосымша құн салығынан толық босату, ал бірқатар салаға 10 пайыз шамасындағы аралық мөлшерлеме белгілеу. Осылайша, үкімет 16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және салықтан босатуды ұсынып отыр", – деген ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің сөзін 10 ақпанда үкіметтің баспасөз қызметі таратты.
Кәсіпкер Ольга Бутко егер үкімет жеңілдетілген салық төлемін алып тастаса, ғимараттың иесі жалдау ақысын көтеруге мәжбүр болады деп санайды. Оның пікірінше, мұндай жағдай онсыз да коронавирус пандемиясы кезіндегі карантиннен кейін енді ғана ес жиған балабақшаға ауыр соққы болмақ.
ҚҚС бағамын көтеріп, шекті мөлшерді төмендету жоспарын үкімет қаңтардың аяғында хабарлады. Үкімет қазынаға жеткілікті салық түспейді, бюджет тапшылығы артып келеді, оны жабу үшін мемлекет Ұлттық қордан ақша алып жатыр деп, мұның мәжбүрлі шара екенін айтты. Шикізат сатудан түскен ақшаны жинақтап, болашаққа сақтауға тиіс қордың қаржысы пандемиядан кейінгі жылдары айтарлықтай жұмсалып жатыр. Мысалы, 2024 жылы бюджеттің жалпы шығыны 24 триллион болғанда, қордан алты триллион теңге алынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Экономика ғылымында ҚҚС көтеру бюджетті толтырудың қарапайым құралы болып саналады. Әйтсе де, бұл оңайға соқпайды. Экономистер салық көтерілген жағдайда шағын бизнес одан бетер ұсақталуы мүмкін деп отыр: кәсіпкерлер бизнесін кішігірім кәсіпорынға бөледі, туыстарының атына рәсімдейді немесе көлеңкелі бизнеске өтеді.
Ал "Дочки-сыночки" балабақшасын ұсақтау мүмкін емес. Әңгіме балалар тәрбиесі мен қауіпсіздігі туралы болғандықтан, жұмысшыларды аутсорсингке жібере алмайды. Бұл балабақшаны Ольга 15 жыл бұрын, ұлы мен қызын мемлекеттік балабақшаға бергісі келмейтінін түсініп, осындай кәсіп ашу туралы ой келгеннен кейін ашқан. Балаларды мектепке дайындау үшін негізінен оқытуға назар аударған. Балабақша мемлекеттен ешқандай көмек алмайды, Ольганың шешімі осы. Ұлы мен қызы әлдеқашан өсіп кеткен, ал балабақша болса, соншама күш-қуаты мен уақытын сарп еткеніне қарамастан, әлі де аяққа нық тұра алмай келеді.
– Басқа елде болсам, ендігі жақсы тұрақты бизнесі бар орта таптың өкілі болып аяққа нық тұрар едім. Ал біз "шықпа, жаным, шықпа" деп отырмыз. ҚҚС төлеуші қатарында болмасақ та, қазірдің өзінде контрагенттер үшін салықтың бұл түрін төлеп отырмыз. Жаңадан ҚҚС қосатын болса, жабылудан басқа жол көріп тұрған жоқпын, – деді Ольга.
"ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРАТЫН ШЫҒАРМЫЗ"
Ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғарин қаңтар айының аяғында салық реформасының жай-жапсарымен таныстыра келе, әңгіме механикалық жолмен салықты көтеру туралы емес, экономиканы сауықтыру және қайтадан салық жүйесінің тепе-теңдігіне қол жеткізу туралы болып отырғанын мәлімдеді. Министр мемлекет те қарап қалмай, әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы жарнасын жұмыс берушінің жауапкершілігінен алып тастайтынын айтты.
Lanzhou мейрамханаларының иесі Гүлбану Майғарина мұндай жеңілдік бизнесті құтқармайды, ҚҚС көтеру онсыз да әрең отырған көптеген шағын кәсіпорынның жабылуына алып келеді деп санайды. Кәсіпкер жеті жыл бұрын Алматыдан алғашқы мейрамханасын ашқан, содан бері бұл желі ұлғайып, ел көлемінде және шет елдерде ондаған нүкте ашылған. Көпшілігі франшизамен жұмыс істейді. Теңге құлдырап, азық-түлік бағасы өскеннен кейін-ақ айтарлықтай қиындықтарға кез бола бастаған. Майғаринаның айтуынша, ҚҚС көтерілмей тұрып та жағдай оңып тұрғаны шамалы.
Lanzhou мейрамханалар желісінің иесі Гүлбану Майғарина
– Мейрамхананың айналымы 20 млн болғанда, жалға алу ақысына 4 млн төлегенде, шығынға кетеміз. Бүгін ғана франчайзи хабарласып, айналым 17 млн теңгеге дейін түсіп кеткенін айтты. Қарызды жаба алмаймын, жабуға мәжбүрмін деп отыр, – деді Майғарина. – Сырттай қарағанда, мейрамханада адам толып отырған сияқты көрінеді. Алайда біздің кәсібіміз маржасы төмен бизнеске жатады. 20 пайыз төмендегеннің өзінде шығын тартамыз.
Майғарина салықты көтеруге ашық қарсы шыққан кәсіпкердің бірі. Оның ойынша, бұл шара қоғамдық тамақтану саласына өте ауыр соққы болып тиеді: өйткені азық-түлік негізінен кішігірім саудагерлерден және көтерме базардан алынады, демек, қосылған құн салығын "алып тастаудың" ешқандай мүмкіндігі жоқ. Мұның салдарынан мейрамханалар шығынға батады, ал шағын бизнесте жүрген жүздеген мың адам жұмысынан айырылуы мүмкін.
– Шағын бизнес бюджетке түсетін салықтың 5 пайызын ғана жапқанымен, еңбекке жарамды халықтың 70 пайызын жұмыспен қамтиды, – деп түсіндірді кәсіпкер. – Салықты көтерсе, кәсіпкерлерді жабылуға итермелейді, айналымын азайтады. Жалдамалы жұмысқа кетеді немесе адам тасып күнелтеді. Бәріміз қол қусырып қарап отыратын шығармыз. Бұл салада тасада жұмыс істеп, қолма-қол ақша алатын, чек бермейтін кәсіпкерлер ғана қалуы мүмкін. Реттеушілер мұндайға жол беріп қарап отырмайды. Кәсіпкерлер де басқа жолын табады, тексерушілердің аузын майлайды. Солайша сыбайлас жемқорлыққа жол ашамыз.
Нәтиже қалай болатыны қазірден-ақ белгілі: Гүлбану кәсіпкерлерге адал жұмыс істеуге мүмкіндік қалдырмай отыр деп санайды. Қазір ол АҚШ-та жүр, америкалық инвестор тартып, Lanzhou желісін ашпақшы. Ал Қазақстандағы командасы шығынды оңтайландыруға мәжбүр болып отыр. Қазір қолға алған қадамның бірі – әкімшілік қызметкерлерді қашықтан істеуге жіберу.
– Наурыз айынан бастап кеңсені өткізіп, үйден жұмыс істегелі отырмыз. Тиімділігі төмен бірнеше нүктені жабуды ұйғардық, себебі мынадай салықпен олар шығынға батады. Бизнесті тасада жүргізумен айналысатын ойым жоқ, ондайға үзілді-кесілді қарсымын. Желілік бизнес біржола құрып тынатын шығар, – деді ол. – Біздің мейрамханалардың көпшілігі серіктестермен бірге ашылған. Кеңеюге, дамуға, өсімге қаржы салуға олардың мүмкіндігі жоқ.
"БАҒА ШАРЫҚТАЙДЫ"
Қазіргі ұсынылып отырған күйінде салық реформасы стартаптардың түбіне жетеді. Ешкі сүтінен өнім жасаумен айналысатын Galamilk компаниясының негізін салушы Жұлдыз Қожаханованың бұған сенімі кәміл.
Қожаханованың мамандығы – балалар дәрігері. Алты жыл бұрын Алматы облысынан ашқан фермасы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпке жататындықтан, салық жеңілдігін пайдаланады. Жуырда ғана ешкі сүтінің сары суынан табиғи косметика жасауды қолға алған. Бұл кәсібі қиындыққа тап келуі мүмкін.
Ешкі сүтінен өнім жасаумен айналысатын Galamilk компаниясының негізін салған кәсіпкер Жұлдыз Қожаханова
– Бұл кәсіпорын пайда әкелмейді. Өз ақшамызды салып, шығынға жұмыс істеп отырмыз, – деп түсіндірді Жұлдыз Қожаханова. – Ресейдің немесе Кореяның косметикасымен бәсекелесе алмаймыз: біз шығаратын өнімнің өзіндік құны жоғары, ал өндіріс ауқымы шағын. Жоғары сапалы шикізатты пайдаланатындықтан, әу бастан орташадан жоғары сегментке жатамыз. Өндірісті Қытайға немесе Кореяға апарып, дайын дүниені әкеліп, отандық өнім деп таратсақ та болар еді. Бірақ біз өз елімізде дамысақ дейміз. Цехтарды іздеп табамыз, Алматыда бірнеше цех бар. Қазір жеңілдетілген жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Егер ҚҚС төлейтін болсақ, баға аспанға ұшады. Ал бізге маркетингке және дамуға ақша салу керек, есепші мен SMM маман жалдау керек.
Кәсіпкердің сөзінше, жаңадан жұмыс істеп жатқан компания болғандықтан, несие алып көрмеген. Жеңілдетілген бағаммен несие алатын мүмкіндігі жоқ. Қожаханова үкіметтің қазіргі ұсынып отырған салық реформасы шағын кәсіпорындарға жүздеген есе салмақ салады деп ойлайды. Есеп-қисап күрделене түседі, электрондық шот жіберуге тура келеді. Халықтың жалпы сатып алу қабілеті түсетіндіктен, косметика өнімі сатылмай да қалуы мүмкін.
Кәсіпкер шағын стартап кәсіпорындарға салық жеңілдігін сақтау керек деп санайды. Бұл кәсібін жаңа бастап жатқан бизнесмендердің аяққа тұруына, айналымын ретке келтіруіне, қоластындағыларға жалақы төлеуіне мүмкіндік береді.
"ӨТКІР, КЕЙДЕ ТІПТІ АСҚЫНЫП ТҰР"
Қазақстандағы шағын бизнес өкілдері реформаға қатты қарсы болып отыр. Ақпарат құралдарына шығып, әлеуметтік желіге жазып, өзінің есеп-қисабын көрсетіп, үкіметтің жоспары ұсақ кәсіпорындардың көзін құртып қана қоймай, мыңдаған отбасын күнкөрісінен айыруы мүмкін екенін айтып жатыр. Елде ҚҚС бағамын көтермеу және салық шегін төмендетпеу туралы талаптармен екі петиция жарияланды.
5 ақпан күні Қостанайдағы бірнеше шағын дүкеннің иесі реформаға келіспейтінін білдіру үшін Кәсіпкерлер палатасына барды. Олар мұндай шара онсыз да қалт-құлт етіп тұрған сауда орындарының жабылып қалуына әкеп соғады деп санайды.
Ертесіне вице-премьер Жұманғарин салық реформасының үй іргесінде орналасқан дүкендерге, дүңгіршектерге, шағын дүкендер мен мейрамханаларға, шаштараздарға "еш қатысы жоқ" деп мәлімдеді.
"Олар бұған дейін жылдық жиынтық кірісінің шекті мөлшері 2,4 млрд теңге болып, 4% төлеп келсе, әрі қарай да солай төлей береді. Бұл реформа бизнестің "ұсақталып" кеткен шағын бір қабатына ғана қатысты", – деді вице-премьер әрі экономика министрі.
Вице-премьер және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин
Тағы бір күннен кейін бизнес өкілдерімен кездескен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салықты көтеру жоспарына деген көзқарас "тым өткір болғанын", "кейде тіпті асқынып тұрғанын" айтты.
"Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы баршаның пікірін ескере отырып жалғасуы керек дегенді баса айтамын. Ол бизнес бола ма, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар бола ма, бәрібір. Биыл бір шешімге келуіміз керек", – деп мәлімдеді Тоқаев.
"Қызмет лауазымыма орай менің аузымнан шыққан әр сөз, әр пікір қатаң тапсырма ретінде көрінуі мүмкін болғандықтан, осы күнге дейін бұл мәселе туралы пікірімді айтқан жоқпын. Енді айтар болсам, ҚҚС бағамы аралас болуы керек", – деп қосты президент.
Бұдан 10 күн бұрын өткен үкімет отырысында президент реформаны жалпы қолдайтынын білдіріп, үкіметтің алдында тұрған міндет Ұлттық қордан алынатын трансфертті қырқарту болғандықтан, реформаның қажет екенін айтқан.
Бюджет тапшылығы Қазақстан билігінің неше жылдан бергі шешілмей келе жатқан мәселесі, COVID-19 пандемиясы кезінде және одан кейін жағдай күрделене түсті де, мемлекет Ұлттық қорға қол салуға мәжбүр болды.
Үкімет Ұлттық қордағы активті 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткіземіз деп жоспарлаған. 2024 жылдың желтоқсан айында қордағы ақша 60,8 млрд болды. Былтыр Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке алынған қаржы шикізат сатудан түскен ақшадан асып түсті.
2024 жылы Халықаралық валюта қоры Қазақстан үкіметінің бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордағы қаржыға арқа сүйейтінін айта келіп, бұл қауіп-қатерді арттыратынын, соның ішінде экономикалық шок жағдайына әкеп соғуы мүмкін екенін ескерткен. ХВҚ ел билігіне бюджетті шамаға қарай жоспарлауды және салық реформасын жүргізуді ұсынды.
"Қазақстан кейбір салық жеңілдігін алып тастап, кәсіпорындарға салынатын салық бағамын көтеретін болса, қосымша 2 трлн теңгеге дейін түседі. Бұл жетпей жатқан ақшаның орнын толтыруға жеткілікті. Ал қазір талқыланып жатқан ҚҚС бағамын көтеретін болса, қосымша тағы 2 трлн теңге түседі", – деді ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің аға экономисі Дина Хэн Қазақстанда өткен баспасөз мәслихатында.
ҚҚС КӨТЕРУДІҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?
Төрт айдан кейін үкімет реформа жүргізетінін мәлімдеді. Ұлттық экономика министрлігінің алдын ала есептеуі бойынша, реформа нәтижесінде 2026 жылы бюджетке қосымша 7,5 трлн теңге түспек. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы салық түсімі бар болғаны 12,3 трлн теңге болған.
Экономист Марат Қайырленовтің өз есебі бар: ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2023 жылы ел көлеміндегі тұтыну шығыны 21 трлн теңге болған. Бұл әр қазақстандық жылына шамамен 1,1 млн теңге жұмсағанын көрсетеді.
Экономист Марат Қайырленов
– 2024 жылы, біздің бағалауымыз бойынша, тұтыну шығыны 23,5 трлн теңге болады. Осыдан 7,5 трлн теңгені алып тастаса не болатынын елестете беріңіз. Қазіргі ұсынылып отырған күйде салық реформасы азаматтардың шынайы кірісінің күрт төмендеуіне әкеледі. Өмір сүру деңгейі 31 пайызға немесе одан да көп мөлшерге дейін төмендейді. Еліміздің азаматтары онсыз да бай емес. Қазір табыстың 50 пайызы тамаққа жұмсалады. Егер өмір сүру деңгейі 30 пайыз төмендейтін болса, бұл көрсеткіш 70 пайыздан асып кетеді. Ондай болса, кедейлік жөнінен Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінен асып түсеміз, – деді Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры.
Тұтыну деңгейінің түсуі бизнеске әсер етпей қоймайды, Қайырленов кәсіпкерлер шығынды қысқартуға мәжбүр болады, қызметшілерін босатуға мәжбүр болады деп болжап отыр. Бұл да бер жағы: халық несиесін төлей алмайды, кепіл сомасы күрт төмендеудің соңы банк жүйесінде дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда Ұлттық қордан тағы да ірі көлемде ақша алуға тура келеді. Барлығы жиылып келіп, экономикалық өсімнің баяулауына әкеп соғады.
– Егер жиынтық тұтыну көлемі төмендейтін болса, экономикалық белсенділік те бәсеңдейді, әлеуметтік-саяси қауіп күшейеді. Инвесторлар ақшасын шығарып ала бастайды. Бізде онсыз да 2024 жылғы инвестиция ЖІӨ-ге шаққанда 27 жылдағы ең төмен мөлшерде бола ма деген қорқыныш бар. Ол ЖІӨ-ге шаққанда 14 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. 2023 жылы 14,6% болған. 1990 жылдардан кейінгі ең төменгі көрсеткішке дейін түсуі мүмкін. Бұл теңгеге соққы болады, капитал ағынына әкеледі, – деп түсіндірді сарапшы.
ҚҚС КӨТЕРГЕН ЕЛДЕРДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
ҚҚС мөлшерін көтерген елдердің тәжірибесіне көз салсақ, оның артынша баға өседі, табысы аз адамдарға түсетін салмақ артып, бизнес кәсіпорындардың көрсеткіші нашарлайды.
Еуропа одағында жетекші экономикасы бар Германия 2007 жылы қосылған құн салығын 16%-дан 19%-ға көтерген. Германия Салық төлеушілер одағының (BdSt) сарапшысы Изабель Клокке 2018 жылы Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында реформа нәтижесінде "көптеген тауар мен қызмет қымбаттап, салық жүктемесі өсіп, бұл әсіресе аз және орташа кірісі бар адамдарға кері әсер еткенін" айтқан. ҚҚС өскенге дейін, 2006 жылы Германияда инфляция 1,5% болса, салықты көтергеннен кейін яки 2007 жылы – 2,3%, ал 2008-де 2,6% болған.
2018 жылы Оңтүстік Африка Республикасы қосылған құн салығын бір пайыз, яғни 14-тен 15%-ға көтерді. Йоханнесбургтегі Institute for economic Justice зерттеу орталығы жариялаған есепте салықты көтеру кедей және жеткілікті қамтылмаған топтардың табысының азаюына әкеліп, бұған қоса "кедейлік пен теңсіздікті қысқарту деген ұранды жоққа шығарды" делінген. ОАР халқының 55 пайызы кедей тұрады.
2020 жылы Сауд Арабиясы қосылған құн салығын 5%-дан 15%-ға дейін көтерді. Төрт жылдан кейін жарияланған зерттеу авторлары экономиканың әр секторындағы компаниялардың көрсеткіші айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді: олардың акционерлік капиталы орта есеппен 12 пайыз қысқарып, жалпы кірісі мен таза табысы сәйкесінше 8 және 10 пайыз азайған. Ал жалпы шығын 6 пайыз артып, ақша 7 пайыз азайған. "Бұл нәтиже салық реформасында фискалдық мақсат пен экономикалық тұрақтылықтың тепе-теңдігін сақтауда мұқият ойластырылған саясат пен терең талдаудың маңызды екенін көрсетеді", – деп жазды зерттеушілер.
Қазақстандағы BBC Invest брокер компаниясы Қазақстанда ҚҚС көтеру нәтижесінде биыл инфляция деңгейінің Ұлттық банк жоспарлаған мөлшеріне (6,9%) тағы 4 пайыз қосылады деп есептеп отыр.
ҚҚС КӨТЕРУДЕН БАСҚА АМАЛ БАР МА?
Экономист Марат Қайырленов қосылған құн салығын көтермесе де, мемлекеттің қолында қазынаны толтырудың басқа тетігі жеткілікті екеніне сенімді. Ол үкімет квазимемлекеттік секторға назар аударуға тиіс деп санайды, әсіресе мемлекеттік холдингтерді басқару сапасына қатысты сұрақ көп екенін алға тартады.
Сарапшы назар аударатын тағы бір бағыт кеден дейді: Қазақстанға Қытайдан әкелініп жатқан тауарға қатысты Астана мен Пекиннің статистикасы арасындағы айырма артып келеді. Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстан Қытайдан 15,4 млрд доллардың тауарын импорттаған. Қытайдың кеден органдары Қазақстанға кеткен тауар экспорты 24,7 млрд доллар деп көрсеткен. 9,3 млрд – өте үлкен айырма.
Тағы бір бағыт – заңсыз шығарылған активті қайтару. Мемлекет кейінгі екі жылда шамамен екі миллиард доллар қайтты деп есеп берді (бұл тұрғыда ашықтық жоқ). Ал Қазақстаннан шетелге шығарылған актив 200-300 миллиард доллар деп бағаланады.
– Ірі шикізат компанияларымен қарым-қатынас – тағы бір бағыт. Олар салықты жеткілікті төлемейді деген пікір бар. Бұл мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан үш ірі өндірушіге (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) ғана емес, тау-кен саласындағы шикізат компанияларына да қатысты. 10-15 жылдың дерегін салыстырсақ, олардың салық жүктемесі жеке кәсіпорындардан төмен деген пікір бар. Олардың мемлекеттен қанша субсидия алғанын есептесек, жағдай тіптен айқындала түседі. Мемлекет көруге тиіс нәрсеге көз жұмып отыр, – деп қорытты Марат Қайырленов.
Your browser doesn’t support HTML5
Үкімет салықты көбейтпек. Тоқаев неге қарсы болмады? – AzatNEWS | 28.01.2025