Қазіргі сәтте Украина әскери тұтқын деп танығандардың арасында Орталық Азияны мекендейтін ұлттар өкіліне жататын 54 адам бар. Олардың арасында 1 қырғыз, 21 қазақ, 18 тәжік және 14 өзбек бар деп хабарлады Украина тарапы. Кейбірінің қолында Ресей төлқұжаты бар. Мысалы, 21 қазақ тұтқынның алтауы ғана Қазақстан азаматы, қалғаны – Ресей азаматы.
Тұтқынға түскен қырғыздар
Украина үкіметімен байланысы бар "Наш выход" жобасы былтырғы жылдың аяғында тұтқынға түскен адамның видеосын жариялады. Видеодағы адам қызына үндеу жолдап, Ресей үкіметі өзіне "әскери тұтқын" мәртебесін беруі керегін айтады.
"Наш выход" жобасы жариялаған карта
57 жастағы Т.Ж.-ның ұлты қырғыз деп көрсетілген. Бірақ ол Ресейдің азаматы. Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" жобасының дерегі бойынша, оны былтыр қыркүйек айында Донецк облысындағы шайқас кезінде украин әскері қолға түсірген. Украина билігі оны әскери тұтқын деп мойындап, мәртебесін нақтылайтын арнайы куәлік берген. Құжатта Т.Ж. Ресей әскері қатарында сержант қызметінде болғаны жазылған.
Соғысқа оны Мәскеу облысындағы әскери бөлім жіберген.
Азаттық жоғарыда аты-жөні аталған, Қырғызстаннан шыққан Ресей азаматының туыстарын тауып, байланысқа шықты. Өзін осы адамның қызымын деп таныстырған әйел әкесінің Украинада түсірілген видеосын Ресейдегі әскери комиссариатқа апарғанын, содан кейін оны "әскери тұтқын" ретінде мойындағанын айтты.
"Иә, оның ұлты қырғыз. Ресейдің жоғары оқу орнына түсіп, сонда қалып қойған. Біз оның тұтқынға түскенінен хабардармыз. Өз тарапымыздан қолдан келген шараның бәрін жасаймыз. Ресей билігіне де хабарластық. Бұл әкемнің соғысқа бірінші рет араласуы емес. Қырғызстанда тұрғанында, Совет одағы кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан. Әкемнің мәселесін Ресей билігіне жеткіздік. Оған "әскери тұтқын" деген ресми мәртебе берілді. Үйге қайтқанын күтеміз".
Т.Ж. сияқты тұтқынға түскен сарбаздар Украина аумағындағы арнайы лагерьде отыр.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай осындай лагерьдің біріне Қырғызстан азаматы түскен.
Алексей туралы ақпарат
Ұлты орыс, жасы 27-де, Ош қаласында туғанын айтқан әскери тұтқынның видеосы желіде 2022 жылдың наурыз айында пайда болды.
Жеке басының қауіпсіздігіне байланысты оның аты-жөнін жария ете алмайтынымыз себепті шартты түрде Алексей деп атадық. Алексей 2022 жылдың наурыз айында Сумы облысындағы шайқас кезінде украин әскерінің тұтқынына түскен.
Tizme.gov.kg сайтының ақпаратына сүйенсек, Алексей расында да Қырғызстан азаматы. Ал оның ресейлік төлқұжаты да болғанын кейін білдік.
Украинада түсірілген деген видеода ол Ресей үкіметінен көмек сұрайды:
"Өтінемін, бізге көмектесіңіздерші. Мен аман-сау үйіме оралғым келеді. Басқа не айтарымды да білмеймін".
Видео қашан, қай жерде, қандай жағдайда түсірілген, Алексей бұл үндеуін ерікті түрде жасады ма, әлде мәжбүрлгеннен кейін айтты ма – ол жағы журналистерге беймәлім.
Азаттық тілшісі Алексей туып-өсті деген Ош ауданында болып қайтты. Журналист мектепке барып, оның жақындарын табуға тырысты. Алексей оқыған мектептің мұғалімі Ақ-Моор Сыдықова былай деді:
"Ол біздің мектебімізге 2009 жылы 6-сыныпқа келді. 2013 жылы колледжге кетті деп жазылып тұр. Қарапайым отбасынан шыққан. Қарапайым киінетін. Мектепті бітіргеннен кейінгі тағдыры белгісіз".
Біз Алексейдің өзін де таптық. Тұтқын алмасу бағдарламасымен бостандыққа шыққан соң Ресейдегі бір қалада тұрып жатыр екен.
– Қырғызша білесіз бе?
– Білемін. Сіздерге не керек?
– Украинада соғысып, тұтқынға түскендерді білмейсіз бе? Мен қырғызстандықтарды іздеп жүр едім.
– Мен тұтқында болдым, басқаларды білмеймін.
Алексей Қырғызстанда туып-өскен. Ресей әскерімен келісімшартқа отырған. Соғысамын деген ойы болмағанын, сарбаздарға ас-ауқат дайындап беремін деп ойлағанын айтты.
"Қырғызстанда туып-өстім, сол жерде оқу орнын бітірдім. Соғыс бастала сала тұтқынға түскендердің алғашқысы болдым десем де болады. Жағдайымыз түрмедегідей болды. Әйтсе де, бізге жаман қарады деп айта алмаймын. Тұтқында бір айдай болып, кезегімді күттім. Менің жолым болған сияқты. Өйткені неше түрлі оқиғаны естисің ғой. Кейбіреулер бір жыл, екі жыл тұтқында отырыпты. Енді біреулер кезегін айлап күткен. Ол кезде [тұтқындар арасында] қырғызстандықтар болған жоқ. Негізінен орыс, татар, башқұрт, тывалықтар болды. Тұтқын алмасу тізіміне енген-енбегеніңе көп нәрсе байланысты. Мұндай тізімді екі жақ та жасайды", – деді ол.
Алексейдің айтуынша, украин жағы оны 2022 жылдың сәуір айында босатқан. Сол кезде Ресей мен Украина 86 тұтқын алмасқан.
"Қазір соғыс туралы оқығым да, тыңдағым да келмейді. Аман-сау оралғаныма қуанамын. Шынымды айтсам, мен соғысқа кетіп бара жатқанымды білген де жоқпын. Бізді әскери бөлімде 1-2 күн ғана ұстады да, жібере салды. Қайтып келгеннен кейін соғысқа қатысудан бас тартамын деп жазып, қол қойдым. Біздің әскери бөлімнен тұтқынға түсіп, босап шыққаннан кейін қайтадан кеткендер бар деп естідім. Көбі ақша үшін келісетін сияқты".
– Қолыңызда Қырғызстанның төлқұжаты бар ма?
– Иә, мен Қырғызстан азаматымын.
– Қырғызстанда сізді қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін екенін білесіз бе?
– Тұтқынға түскенім үшін бе?
– Қырғызстан өз азаматының басқа елдің аумағындағы әскери әрекетке араласуына рұқсат бермейді және ондайға қатысқандарды жазалайды.
– Бұл туралы білмеппін...
Бұдан кейін Алексей қойған сұрақтарымызға жауап бергісі келмеді.
Украинадағы соғысқа қатысып жүрген қырғызстандықтар туралы хабарлар жетіп жатқанымен, тұтқында отырған Қырғызстан азаматы туралы ақпарат былтыр көктемде ғана пайда болды.
Әлішер Тұрсынов
Екі айдан кейін Украина тұтқын алмасу аясында Ресейге Әлішер Тұрсыновты берді.
Әлішер Тұрсынов қазір қайда? Оның әрі қарайғы тағдыры не болды?
Осы сұрақтарға жауап іздеген Азаттық тілшісі Әлішер Тұрсыновтың туыстарына тағы да барды. Оның жақындары ешқандай ақпарат беруге құлықты болмады. Әйтсе де, ауызекі әңгіме барысында Тұрсыновтың ісі қоғамда шу тудырғандықтан, оны тұтқыннан босатқанын айтып қалды.
Мигранттармен жұмыс істейтін заңгер Мирлан Тоқтобеков те соны айтады:
Мирлан Тоқтобеков
"Ресей жағы да, Украина да бірінші кезекте шу тудырған адамдарды босатуға тырысады. Шетел азаматтары украиндердің, украин әскерінің тұтқынына түскені туралы деректер тіркелді. Украина халықаралық талапқа бағынып, тұтқындар өзі рұқсат етпесе, видеосын жарияламайды. Әйтсе де, екі тарап та тұтқындардың видеосын үгіт-насихат мақсатында пайдаланады. Кейде мұндай видеолар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жағдай да кездеседі".
"Орталық Азиядан шыққан 50-ден аса адам тұтқында отыр"
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Украин қызметі тұтқындағы Орталық Азиядан шыққан адамдары жөніндегі мәліметтерді нақтылау үшін Украинаның үкіметтік мекемесіне хабарласты. Қаңтардың ортасында келген жауапта Украинада соғыс басталғаннан бері тұтқынға түскен Орталық Азиядан шыққан 30-дай адам туралы және олардың мәртебесі жөніндегі толымды ақпарат бар.
Украинаның әділет министрі әрі вице-премьер Ольга Стефанишина былай деп хабарлады:
Ольга Стефанишина.
"Әскери тұтқындардың азаматтығы туралы ақпарат көп жағдайда олардың айтуымен жазылады, себебі көп жағдайда олардың қолында жеке басын куәландыратын құжат болмайды. Украинаның әділет министрлігі, қай елдің азаматы екеніне қарамастан, учаскелер мен лагерьлерде отырған әскери тұтқындардың құқық мәртебесі бірдей деп санайды, ол халықаралық және ұлттық нормативтік-заң актілеріне сай келеді".
Украинаның "Хочу жить" жобасы ресейлік сарбаздардың ерікті түрде берілуіне де көмектеседі. Біз осы жобаға да хабарласып, Украинада болып жатқан соғысқа Ресей әскері қатарында қатысқан және тұтқынға түскен немесе ерікті түрде берілген Орталық Азия елдерінің азаматтары туралы мәлімет сұрадық.
Жобаның берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде Украинада әскери тұтқын деп танылғандар қатарында Орталық Азия ұлты өкіліне жататын 54 адам бар. Оның ішінде 1 қырғыз, 21 қазақ, 18 тәжік және 14 өзбек тіркелген. Кейбірінің қолында Ресей төлқұжаты бар. Мәселен, 21 қазақ тұтқынның алтауы ғана Қазақстан азаматы, қалғаны – Ресей азаматы.
Олардың көпшілігі тұтқынға қандай жағдайда, Украинадағы қай шайқаста түскен?
Бұл сұрақты әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі украин кеңесінің өкілі Богдан Охрименкоға қойдық.
Богдан Охрименко.
"Тұтқынға түскен ұлты қырғыз адамның ресейлік төлқұжаты бар. Олар әртүрлі жерде тұтқынға алынған. Десе де, жалпы алғанда "кескілескен шайқас" жүріп жатқан аудандарда ұсталды. Ресей оларды ең ауыр шайқаста алғы шепке жіберіп отырғанына көзіміз жетті. Ол адамдар Бахмут, Белогоровка, Авдеевка, Торецк, Покровск бағыттарында соғысуға жіберілген. Курск облысы аумағындағы операция кезінде тұтқынға түскендер де бар. Арасында 2022, 2023, 2024 жылдары тұтқынға түскендер кездеседі. Біз жобаларымыз арқылы олардың тұтқында екенін ашық хабарлаймыз".
Құпиялық шартына сай украиндық жоба соғыс басталғаннан бері тұтқынға түсіп, Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасу аясында босатылған Орталық Азиядан шыққан адамдардың нақты санын айтқан жоқ.
Ілгеріде журналистер назарына Ресей жағынан соғысып, тұтқынға түскен Орталық Азиядан шыққан адамдар туралы жазба іліккен болатын. Интернетте тараған материал қызу талқыланғанына қарамастан, тұтқындардың кейінгі тағдыры беймәлім күйі қалды.
Азаттық ашық дереккөздегі ақпараттарды зерттеп, Орталық Азиядан шыққан кемінде оншақты тұтқынның әрі қарайғы тағдырын анықтады.
Украин әскері тұтқынға алған Өзбекстан азаматы
2024 жылдың желтоқсан айында Өзбекстанның тағы бір азаматы Запорожье бағытында тұтқынға түсті. Бұл туралы "Спартан" жедел мақсаттағы бригадасы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Спартан" бригадасының 4-жедел батальонының офицері Артем Шолудько "Новости Приазовья" жобасына Өзбекстан азаматының қандай жағдайда тұтқындалғанын айтып берді.
"Оның тобында төрт сарбаз болған. Бірақ біз жаққа жалғыз өзі жеткен. Айтуына қарағанда, қай бағытқа жүріп, шабуыл үшін қай шепке орналасу керегін айтып, алғы шепке жіберген. Бәрі өліп, жалғыз өзі тірі қалған. Олардың қолында байланыс құралы да болған жоқ", – деді Шолудько.
Оның айтуына қарағанда, бастапқыда Өзбекстан азаматы майданда аспаз болған. Кейін Ресей жағы оны басқа да сарбаздармен бірге шабуылға жіберген. Өзбек азаматы Ресейге күнкөріс үшін барғанын, Мәскеудегі мейрамханалардың бірінде жұмыс істегенін айтты.
Әскери тұтқындардың осыған ұқсас мәлімдемесін тексеру оңайға соқпайды. Әйтсе де, Ресей билігі Орталық Азиядан шыққан мигранттарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп салған оқиғалар жиі кездеседі.
Ресейдегі мигранттармен жұмыс істейтін белсенділер мен журналистер арасында Орталық Азиядан шыққан адамдардың соғысқа қатысу мәселесімен айналысатындар да бар. Соның бірі – "Мигрант Уз" порталын ашқан Баатыр Шермұхаммед.
"Өзбек медиасында соғысқа қатысушы Өзбекстан азаматтары туралы ақпарат тым аз. Соғыстың бас кезінде Өзбекстанның бірнеше азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін олардың өзі де, туыстары да журналистермен сөйлесуді доғарды. Мәселен, өзбек үкіметі тұтқынға түскен самарқандықтардың туыстарына басынан өткен жағдайды жариялауға тыйым салды. Өзбек үкіметі соғысқа қатысқан азаматтары туралы ресми ақпарат та берген жоқ. Біздің арнамызда Ресей жағынан соғысып, Украинада тұтқынға түскен Өзбекстан азаматының видеосы жарияланды. Тұтқындар туралы басқа ақпарат жоқ".
Өзбекстан билігі басқа елдің аумағындағы әскери қимыл-әрекетке қатысқан азаматтар "жалданып соғысу" бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті. Ондай қылмыс жасады деп айыпталғандар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалады.
"Ешкімге керегі жоқ тұтқындар"
Қаңтардың басында Киев пен Мәскеу тағы да тұтқын айырбастады. Алайда бұл жолғысы бұрынғыдан өзгеше болды. Бұл жолы тараптар ауыр жараланған тұтқындарды алмасты. Мұндай алмасу процесі дәрігердің қарауынан кейін түзілген тізім негізінде жүзеге асты. Бірінші кезекте тізімге жедел медициналық көмекке зәру адамдар ілікті.
Украина Ресейге 25 тұтқын берді, солардың біреуі – 26 жастағы Өзбекстан азаматы назарымызға ілікті. Украин жағы таратқан видеода тұтқында бір жыл үш ай болғанын, бір қолынан айырылғанын және аяғынан жараланғанын айтады:
"Мен кетіп бара жатқанда жанымдағы адам ренжіп қалды. "Сені әкетіп, мені тастап бара жатыр, мен сенен гөрі ұзақ отырмын" деді. Әр нәрсенің өз уақыты барын айттым. Мен де ұзақ күттім, күндіз-түні жыладым, бала-шағама барғым келді".
Келесі бір видеода украин жағы тұтқынға алған Тәжікстан азаматы Орлов облысының губернаторымен сөйлесіп, өзін тұтқыннан босатып алуды өтінеді. Ол тұтқында 2024 жылдың наурыз айынан бері отыр екен.
Украинадағы әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі кеңестің өкілі Богдан Охрименко Мәскеу тұтқынға түскен басқа ұлт өкілдерін қайтаруға "мүдделі емес" екенін айтты:
"Әдетте Ресей билігі өз азаматтарын, соның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург секілді елдің еуропалық бөлігінен шыққандарды, кейбір офицерлерді алуға тырысады. Ресей Федерациясы аумағында тұратын басқа елдер мен ұлттардың өкілдері аса қызықтырмайды. Сондықтан біздің жұмысымызда өз азаматтарымызды қайтару жөніндегі келіссөз маңызды. Алайда көп жағдайда Ресеймен әскерін алып кету жөнінде келіссөз жүргіземіз".
Ресей қарулы күштері сарбаздары. Көрнекі сурет.
Ілгеріде ресми Мәскеу дініне, ұлтына немесе қай әскери бөлімге жататынына қарамастан, Украина аумағында тұтқынға түскен сарбаздарды қайтаруға мүдделі екенін мәлімдеген болатын. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова да осындай мәлімдеме жасаған.
"Ресейге әскери тұтқындардың қайсын қайтаруды Украина өзі шешеді, – деді Ресейдің дипломатиялық мекемесінің ресми өкілі. – Біздің ұстанымды білгілеріңіз келсе, біз үшін тұтқындағы азаматтарымыздың бәрі тең".
Соған қарамастан, Украинада тұтқында отырған Орталық Азиядан шыққан ондаған адамның болашағы бұлыңғыр болып қалып отыр. Бөтен елдің аумағындағы соғысқа қатысқаны үшін өз елінде оларды қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр.
Сол себепті де Украинаның тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы Орталық Азия тұрғындарын соғыстан аулақ жүруге шақырады.
Украинаның тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының спикері Петр Яценко:
"Олардың тағдыры ауыр, ешкімге керек емес. Не Отанына, не ақша үшін барған Ресейге қажеті жоқ. Олар бізге де керек емес. Сол себепті де украин халқының салығына тұтқындарды лагерьде ұстағаннан гөрі, тұтқынға түскен өз азаматтарымызға тезірек алмастырып алған тиімді. Шын мәнінде Ресей әскері қатарына кірмес бұрын олар қайда бара жатқанын, нендей нәрсеге келісіп жатқанын, мұның салдары қандай болатынын түсінуі керек".
Мәскеу Украинаға қарсы бастаған соғыста Ресей әскері сапында жүрген Орталық Азиядан шыққан мигранттар.
Кейінгі үш жылда украин әскері қатарында Ресейге қарсы соғысқан Орталық Азиядан шыққан адамдар туралы да түрлі хабар болды. Олардың арасында Ресейдің тұтқынына түскендер де бар, әйтсе де нақты саны белгісіз. Ресей әскери тұтқындар туралы ақпаратты жарияламайды.
Қырғызстанның және көрші елдердің үкіметтері бөтен елдің аумағында әскери қимыл-әрекетке қатысқан азаматтары ұлттық заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ауық-ауық ескертіп тұрады.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік космитеті әскери әрекетке қатысқандар Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 256-бабы ("Қырғызстан Республикасы азаматының шетел мемлекетінің аумағында қарулы қақтығысқа немесе әскери әрекетке қатысуы немесе террористік әрекет жасау үшін дайындықтан өтуі") бойынша жауапқ тартылатынын еске салады.
Қылмыстық Кодекстің 416-бабы бойынша, арбау, соғысты қаржыландыру және оған қатысу үшін 15 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ресей жағынан соғысқа қатысқан қазақстандықтар
Азаттық бұған дейін ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқанын жазған. Ресейлік жалдамалы әскер қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. 2023 жылы ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
2023 жылы көктемде Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекеновтің анасы Альмира Бекенова Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына ұлын "Вагнер" тобы соғысқа күштеп әкеткенін айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деді.
2023 жылы қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталды.
Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Айгерім Ақылбекованың материалынан аударылды.