Қазақстан спортшылары Азия ойындарында тағы күміс пен қола жүлде алды

Қазақстан спортшысы Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан сайыс кезінде. Қытай, 10 ақпан, 2025 жыл.

Қытайда өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасы аралас командалар арасындағы сайыста күміс медаль алды. Бұл туралы Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.

Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев пен Асылхан Асан 235,39 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Қытай, үшінші орынды Жапония спортшылары иеленді. Аяна Жолдас бұған дейін фристайл-акробатикадан жеке жарыста қола медаль алған.

Қазақстан спортшысы Олжас Климин ерлер арасында 10 шақырымдық еркін стильдегі шаңғы жарысында қола медаль алды. Ол 21 минут 20,3 секундта мәреге жеткен. Алтын мен күміс жүлдеге Жапония спортшылары (21 минут 6.5 секунд, 21 минут 16.5 секунд) ие болды.

9 ақпанда конькимен жүгіруден Қазақстан әйелдер құрамасындағы Надежда Морозова, Кристина Силаева және Дарья Важенина командалық спринт жарысында қола медаль иеленді.

Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Бұл – 2025 жылғы қысқы Азия ойындарындағы Қазақстанның алғашқы алтын жүлдесі. Эстафета жарысына Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қатысқан.

Құлаған спортшы, қауіпті секіру элементі. Фристайл акробатикадан сынға түскен қазақстандықтар

Қысқы Азия ойындары биыл 7 ақпанда басталған. Жарыс Харбин және Ябули қалаларында өтіп жатыр. Олимпиада комитетінің мәліметінше, Қазақстаннан бұл жарысқа 137 спортшы барған. Олар барлығы 51 медаль жиынтығы сарапқа салынатын 10 жарыс түріне қатысады.

Жарыс 14 ақпанда аяқталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан спортшылары Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды