Қазақстан Жемқорлық индексінде 5 саты жоғары көтерілді

11 ақпанда жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымы 2024 жылға арналған Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Қазақстан 100-ден 40 балл жинап, 180 ел арасында 88-орында тұр. Ұйым Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарында қалып отыр деп айтты.

Transparency International Kazakhstan ұйымы "бұл нәтиже былтырғы жылмен салыстырғанда 1 баллға аздап жақсарғанына қарамастан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жалғасып келе жатқан проблемалар барын көрсетеді" деп мәлімдеді. Былтыр Қазақстан 39 балл алып, 93-орынға тұрақтаған.

Ұйымның есебінше, постсоветтік елдер арасында Грузия (53 балл) Қазақстаннан алда тұр, ең төмен көрсеткіш – Ресей (22 балл) мен Қырғызстанда (25 балл).

"Қазақстандағы ең осал салалар – сот және атқарушы билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық, бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалану. Елдегі журналистер мен белсенділерге қысым күшейіп жатыр, бұл тәуелсіз зерттеу жүргізуге мүмкіндіктерді шектейді", – деді Transparency International Kazakhstan.

"Қазақстанның дамуына жемқорлық қауіп төндіріп тұр. Еркін бұқаралық ақпарат құралдары мен мықты азаматтық қоғам болмаса, билік нақты есеп бермесе, біз жағдайды өзгерте алмаймыз. Журналистер мен белсенділерге қысым көрсетуді елемеуге болмайды, бұл – берілген белгі", – деді ұйымның Қазақстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Мұрат Данияр.

Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан 2024 жылы рейтингіде 5 орынға көтерілгенін айтып, мұны "жаңа тарихи көрсеткіш" деп атады.

"Қазақстан рейтингіде 2016 жылдан бастап айтарлықтай өскен (11 баллға) ел ретінде аталды. Орталық Азия ішінде Қазақстан рейтингіні жақсартқан жалғыз ел болды", – деді агенттік.

Transparency International ұйымы Қазақстанға бюджетті бақылау үшін цифрлық шешімдер енгізуді, демократиялық реформалар жүргізуді, сөз еркіндігіне кепілдік беруді, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлайтын және зерттейтін адамдарды қорғауды, жемқорлық қылмысы үшін жазаны қатаңдатуды және заңсыз активтерді қайтару бойынша ашық болуды ұсынған.

Былтыр Transparency International Қазақстанға мынадай баға берген еді:

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстан «жемқорлық жайлаған елдер» қатарында қалды