ҚАЖД экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының түрмеде "аштық жариялағанын" жоққа шығарды

Ұлттық музейдің бұрынғы директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы (ортада) сот залында. Астана, 17 сәуір, 2023 жыл.

Түрмеде отырған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялаған деген хабар тарады. Кейін Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

– Ол тамақ ішеді, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұны растайды. Одан шағым, өтініш түскен жоқ. Тәртіпке сәйкес, сотталған адам [түрмеде] ұялы телефон пайдалана алмайды, – деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.

"Мұхамедиұлы аштық жариялаған" деген ақпарат 10 ақпанда экс-министрдің Facebook-тегі парақшасында шықты. Онда "Аштық жарияладым, өйткені өзімді басынан бастап кінәсіз деп санадым!" деп жазылған.

ҚАЖД Мұхамедиұлының атынан әлеуметтік желіде жазба жариялау фактісі бойынша тексеру жүргізіледі деді.

Бұған қоса, экс-министрдің парақшасында оның атынан жазылды деген хат жарияланды. Оның авторы экс-министр ісіне қатысы бар судьялар мен тағы бірнеше адамның аты-жөнін атап, оларды айыптаған.

"Бұл сот істерін тәуелсіз сарапшылар қарайтын болса, барлық айыптаудың ойдан шығарылғаны, заңсыз және жалған қорытындыларға негізделгені анық болатынына сенімдімін", – деген хат авторы.

Ол "Атбасар қаласындағы түрмеден баршаға үндеу жасай отырып, ажалыма жоғарыда аты-жөні аталған адамдар кінәлі деп санауды сұраймын. Бұл жүгенсіз заңсыздықты "өлім" ғана тоқтата алады деген қорытындыға келіп отырмын" деп жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экс-министр Мұхамедиұлы тағы да бірнеше айыппен сотталды. Оның 11 жылдық жазасы қалды

2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Былтыр ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхамедиұлын "аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін" кінәлі деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, түпкілікті 11 жылға бостандығынан айырған.

Кейін Қылмыстық кодекстің "Өкілетін асыра пайдалану", "Рейдерлік" баптары негізінде кінәлі деп танылған. Экс-министрге "Дипломат" қонақүйін рейдерлікпен тартып алған және "Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі" атты халықаралық көрме жобасына бөлінген бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылған еді. Үш үкімдегі жаза мерзімінің жиынтығы 11 жыл болды. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста, 2014-2019 жылдары мәдениет және спорт министрі болды. Оған дейін Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын басқарды.

Мұхамедиұлы министр кезінде кино, музей, театр, спорт саласында түрлі дау болған. 2016 жылы Жүргенов академиясында оқыған студенттердің бірі Мұхамедиұлы "жыныстық бопсалау жасады" деп айыптаған еді. Ал Мұхамедиұлы бұл айыпты жала деп айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

"Өлімнен ұят күшті". Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін айтты