Іс материалдарына қарағанда, Акматов таңғы намазын оқып, одан соң ұйықтап жатқан әйеліне 22 рет пышақ сұққан және мұның бәрі сегіз жасар ұлы мен алты жасар қызының көзінше болған.
АЛЫП ҚАШЫП ҮЙЛЕНГЕН
Сот-медициналық сараптамаға қарағанда, әйелдің бүкіл денесі тілінген, ал күйеуі қылмыс жасалған сәтте есінде болған. Тергеу кезінде Акматов кінәсін мойындаған.
Марқұмның әкесі Нұрланбек Абдылдаевтың айтуынша, Акматов 2016 жылы Нұрланбековаға алып қашу арқылы үйленген.
– Сол кезде мен [қызыма]: "болар іс болды, бірге тұра беріңдер" деп айттым. Бұрын бәріміз сөйтетінбіз: ер адамдар келіншегін алып қашып отбасы құратын. Мен де сөйтіп ойлап, қызымды осы адамға тұрмысқа бердім, – дейді Абдылдаев
Марқұмның туыстарының сөзіне қарағанда, Айгерім Нұрланбекова күйеуі және бала-шағасымен бірге ерінің ата-анасымен бірге тұрған.
Айгерімнің әкесі құдаларының "жақсы адамдар" екенін, бірақ күйеу баласы тұйық адам болғанын айтады. Марқұмның ата-анасы қызының жиі соққыға жығылғанынан бейхабар болған.
– Бұлай боларын білсем, оны [қызыма] жолатпас едім, – дейді әкесі. – Білмеймін, балалары оны енді "әке" дей қоймас.
ҰРЫП-СОҚТЫ, КӨЗІНЕ ШӨП САЛДЫ
Айгерім Бішкектегі автоорталықтардың бірінде оператор болып жұмыс істеген. Әріптестерінің айтуынша, кей күндері жас келіншек жұмысқа келгенде, жүзінен көгерген іздер байқалатын.
– Бізге, қыздарға өз өміріндегі оқиғалар туралы жиі айтып тұратын. Мысалы маған күйеуіне сүйіп қосылмағанын, оған тұрмысқа шыққысы келмегенін, алып қашып кеткенін айтқан, – дейді Айгерімнің әріптесі. – Күйеуі телефонын тексеріп, арты ұрыс-керіске ұласатынын, [телефондағының] бәрін өшіруге мәжбүр болатынын бірталай рет айтқан. Сондай-ақ, ол күйеуі қол көтеретінін, күйеуін көзіне шөп салған жерінен ұстап алғанын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әйелге қарсы жасалған атышулы қылмыстардан кейінгі петиция мен флешмобтар. Жағдай өзгере ме?– Қызымды құтқара алмағаныма өкінемін. Мұның бәрін ол маған неге айтпаған? Неге бәрін жасырған? Білсек, әкесі екеуіміз барып, алып кететін едік! – дейді марқұмның анасы Толғанай Алықұлова. – [Акматовты] өмір бойына отырғызсын! Ешқандай кешірім болмауға тиіс.
Алықұлованың сөзінше, Айгерімнің балалары шешесінің қазасына куә болып, мұның бәрі психикасына теріс әсер еткен. Психологтар бұл балалармен бірнеше ай бойы жұмыс істеп жатыр дейді ол.
– Жақында демалыста қолымда болды. Сол жағдайды олар күн сайын еске алады, – дейді Алықұлова. – Қабырға, еден, кереует – барлығы қанға боялған. Немерем: "Әкем анамның үстіне отырып, оған көп мәрте пышақ сұққанын көрдім" деп айтады.
"ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТУ АМАЛЫ"
Тергеушілердің сөзінше, Акматов әйелін өлтірген соң, өзіне де пышақ салған, бірақ аман қалған. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындағанымен, сотқа келгенде ол өз куәлігін өзгерте бастаған. Ол Айгерімнің өзі пышақпен бас салғанын, содан қорғанамын деп ашу үстінде әйелін пышақтап тастағанын айтқан. Марқұмның туыстары Акматов осылайша жазаны жеңілдеткісі келеді деп отыр.
– Аң-таң болып отырмыз. Оның куәлігі мүлдем басқаша болатын, – дейді марқұмның бауыры Әзиз Абылдаев. – Бірақ істе барлық дәлел, сараптама бар. Пышақта тек Акматовтың саусақ ізі бар, қарындасымның саусақ ізі жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Күш жұмсау – әлсіздің ісі". Әйелдің әңгіртаяққа көнбіс болуына не себеп?Айгерімнің туыстары мен құрбылары сот үкімі әділ болады деп үміттенеді. Күдіктіге "Аса қатыгездікпен кісі өлтіру" айыбы тағылған. Бұл бап бойынша 12 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Марқұмның туыстары күдіктінің өмір бойына қамалғанын талап етеді.
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОМБЫЛЫҚ
2024 жылы Қырғызстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жас әйелдердің кісі қолынан қаза табуы бұрын-соңды болмаған көлемде тіркелген. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр қаңтар мен қазан аралығында 14 293 жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы жылдың осы мерзімінде тіркелген жағдайлардан 37,2 пайызға артық.
Сарапшылардың сөзінше, фемицидтің бұлай кең тарауына қоғамның бұл мәселеге бейжай қарауы, құқық қорғау органдарының тиімсіз жұмысы себеп болып отыр.
Өткен жылдың аяғында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасауды "түбегейлі" айыптайтынын мәлімдеген.
"Адамгершілікке жат мұндай қылықтар отбасын, яғни қоғамымыздың іргесін бұзып, азаматтардың әділдікке деген үмітін өшіреді" деді ол. "Әрбір әйел, әрбір бала мемлекеттің қорғауын, қолдауын және құрметін сезіне алатын қауіпсіз қоғам құруымыз керек".
Осының алдында Қырғызстан журналистері халықаралық ұйымдардың қолдауымен елдегі фемицид жайлы алғашқы зерттеу жасаған. Олар 54 мыңнан астам жаңалық пен хабарды талдап, әрбір фемицид оқиғасы бойынша деректер базасын құрған. Бұл зерттеу қаза тапқан әйелдер өздерінің серіктерінен тұрақты зорлық-зомбылық көргенін көрсетті.
Екі жылда бір жарияланатын, 177 елді қамтитын WPS (Women, Peace and Security Index) индексі бойынша, Қырғызстан 2021 жылы және 2023 жылы Орталық Азия елдері арасында әйелдер үшін ең қауіпті ел болған. Келесі индекс 2025 жылы жарияланады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бишімбаев ісінен кейін әйелдер үйдегі әлімжеттікті жиі айта бастады