Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот 14 ақпанға белгіленді

Instagram желісіндегі Qaznews24 сатиралық парақшасының иесі Темірлан Еңсебек полициядан шығып келеді. Алматы, 15 мамыр, 2021 жыл.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы, қазір қамауда отырған Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқысы 14 ақпанға белгіленді. Бұл туралы Азаттық Азияға оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

"Бұған біз де таң қалдық. Тіпті сот кеңсесі таң қалды. Прокуратура мен тергеушілер асықты. 3 ақпанда мен өтініш жібергенмін, оның қарау мерзімі үш күн болған. Бірақ мен жіберген соң бірнеше минуттан кейін өтінішті қанағаттандырмады деген жауап келді. 10 минуттан кейін іс прокурорға жіберіліп, бірнеше күннен кейін сотқа кетті. Бәрі өте тез болды", – деді Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, 31 қаңтарда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған. 3 ақпанда іс прокуратураға жіберілген. Істі қарау мерзімі 10 күнге дейін болған. 7 ақпанда іс прокуратурадан Алмалы ауданының сотына түскен. 10 ақпанда Балғабаеваға сот басталатын күнді хабарлаған.

"Іс сотқа түскеннен кейін бес күн ішінде оны қай судья қарайтыны шешіледі. Бұған қоса, оның жұмыс кестесін реттеуге бес күн уақыты бар. 7 ақпанда іс сотқа түсті, ол күні жұма болған. Ал дүйсенбі, 10 ақпанда сот талқылауының күні белгілі болды. Сот қашан басталатынын мен бүгін білдім", – деді Жанар Балғабаева.

Адвокат өтініште "Темірлан Еңсебек тыйым салынбаған және тыйым салынған материалдар тізімінде жоқ әннің авторы да, орындаушысы да емес деп, оның іс-әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты" қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.

Алматы прокуратурасы бұл іс бойынша ресми сұрау жіберуді сұрады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамауға алынған танымал паблик авторын қолдағандарды қудалау жалғасып жатыр

Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.

Медиа саласына маманданған заңгерлер Қазақстанда бұл бап көбіне саяси мақсатта қолданылады деп есептейді. Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Еңсебек "Йоу, орыстар" деген әнге байланысты тергеуге алынған. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп отырғаны" жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ TikTok "Йоу, орыстар" әнін өшірді

Алматы полициясы Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады", – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетіне шықты. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.

Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Ол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.