Жолаушы қазасынан соң Алматы метросында уақытша қоршауды сынақтан өткізіп жатыр

Алматы метросы.

Алматы метросындағы "Райымбек батыр" бекетінде вагон тоқтағанда бос қалатын орынға уақытша қоршау орнатылды. Бұл туралы 10 ақпанда Алматы қаласының метрополитені хабарлады.

Экраны бар жаңа қоршаудың екі негізгі қызметі бар: бірі – қауіпсіздік үшін, екіншісі – жарнама көрсетіледі деді метрополитен. Мұның алдында метроға темір қоршаулар қойылған, кейін желі қолданушылары оны "қауіпсіз емес" деп сынға алған еді.

Метрополитеннің хабарлауынша, жаңадан қойылған қоршауларды сынақтан өткізіп жатыр. Сынақ аяқталғаннан кейін мұндай қоршау басқа бекеттерге де орнатылмақ. "Темір қоршаулар да тексеріліп жатыр, қажет болса, олар алынады", – деді метрополитеннің баспасөз қызметі.

Метро басшылығы автоматты есіктер орнатуға көп уақыт қажет, оған дейін уақытша шара ретінде осындай қоршау қойылып жатыр деді. Бұдан бөлек, оларды сынақтан өткізуге бюджет емес, кәсіпорын қаржысы жұмсалып жатыр деп мәлімдеді метрополитен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматы метросында ер адам рельске құлап мерт болды

Былтыр 10 желтоқсанда Алматы метросындағы "Абай" бекетінде 26 жастағы зағип жігіт рельске құлап қазаға ұшырады. Адам қазасынан кейін әлеуметтік желіде мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздікті күшейтіп, арнайы есіктер орнату керек деген талап айтылды.

Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метрополитен Алматыда жолаушы тасып қызмет көрсетеді, ол Орталық Азияда Ташкенттен кейін екінші орында тұр. Құрылысы совет кезінде, 1988 жылы басталған Алматы метрополитені 2011 жылы желтоқсанда пайдалануға берілген. Алматы метросында 11 бекет бар. Метроның жалғыз тармағының жалпы ұзындығы – 13 шақырымға жуық.