Өзбекстан АҚШ-ты екі апта бұрын Ауғанстаннан қашқан әскери ұшқыштарды еліне қайтаруы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Вашингтондағы дереккөзіне сілтей отырып The Wall Street Journal басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Өзбекстанның бұл қадамына тәліптердің қысымы түрткі болған.
Вашингтонның сөзінше, Өзбекстан АҚШ-тан ауған ұшқыштарын үшінші елге мейлінше жылдам алып кетуді сұрап отыр. Өйтпеген жағдайда, Ташкент тәліптермен қарым-қатынасын ушықтырмау үшін ұшқыштарды Ауғанстанға қайтаруға мәжбүр болады.
Мұның алдында Өзбекстан бас прокуратурасы 14-15 тамыз күндері Ауғанстанның 22 әскери ұшағы мен 24 әскери тікұшағы Өзбекстан аумағына заңсыз өткенін, олардың Термез әуежайына күшпен қондырылғанын айтқан. Алайда көп ұзамай бас прокуратура бұл хабарламасын жоққа шығарған.
"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұшқыштарды жау санайды, себебі олар соғыс жылдары дәл осы әуе шабуылдарынан көп зардап шеккен. "Талибан" Өзбекстаннан ұшқыштармен бірге әуе техникаларын да қайтаруды талап етіп отыр деп хабарлайды The Wall Street Journal.
Ауғанстан аудандарының басым көпшілігін жаулап алған "Талибан" 15 тамыз күні Кабулға кіріп, тұтас елді бақылауына алғанын мәлімдеген. Содан бері ел дүрлігіп, тәліптердің репрессияшыл заңдарынан қорыққан ауғандар елден кетуге асықты. Тәліптердің ауған үкіметі әскерін мұншалық жылдам қарқынмен жеңетінін күтпеген Батыс коалициясы әуежайға шегініп, оны эвакуация орталығына айналдырған.
31 тамыз күні АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан біржола кетті. Олар 14-31 тамыз аралығында елден 123 мың шетелдік пен дипөкілдіктеріне қызмет еткен ауғандарды эвакуациялап үлгерді.
ПІКІРЛЕР