Астана Ресейдің ветеринария және фитосанитария бойынша қадағалау қызметі – "Россельхознадзор" мекемесімен Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуге қойылған шектеуге байланысты мәселені толық шешті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл туралы 11 ақпанда үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтты деп жазды "Власть" сайты.
"Осы мәселе бойынша Мәскеуге арнайы бардым, [Ресейдің] ауыл шаруашылығы министрімен, "Россельхознадзор" басшысымен кездестім. Дәнді және майлы дақылдар, бұршақ түрлері бойынша мәселе шешілді. Қазір вагондар бұрынғыдай тауарды ауыстырып қайта тиейтін жерде тұрған жоқ. Біз мұны дереу шештік, экспорт жөнелтіліп жатыр", – деді Сапаров.
Министрдің айтуынша, "Россельхознадзор" 2024 жылғы қазанда қойған транзит шектеуінің бәрі биыл қаңтарда алынған.
"Транзит бойынша шектеу қараша айында құжатқа сай алынды. Бірақ олар талап қойды: өнімдерді ауыстырып қайта артпай, бірден кемеге тиеу керек деді. Ал кемеге тиеу үшін онда бірнеше жүз вагон бар. Бұл тоқтап қалды. Сол үшін мен қаңтарда барып, бізге өнімдерді ауыстырып тиеуге рұқсат беру туралы мәселені шештім. Қазір экспорт ойдағыдай жүріп жатыр", – деді Сапаров.
Министр Ресейге үшінші елдерден гүл жеткізуге қойылған шектеу әлі күшінде деп айтты. Сапаровтың пікірінше, бұл мәселе шамамен 10 күн ішінде шешілмек.
Былтыр 17 қазанда "Россельхознадзор" Ресей аумағына Қазақстанның бидай, жасымық, зығыр дәндерін және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін кіргізуге тыйым салған. "Власть" сайтының жазуынша, қазанның аяғында Сапаров бұл мәселе бір апта ішінде шешіледі деп үміттенетінін айтқан.
6 желтоқсанда ауыл шаруашылығы министрлігі "Власть" сайтына Қазақстан үкіметі бұл мәселені әлі шеше алмай жатыр деп хабарлаған. Тараптар консультация мен келіссөз жүргізіп, Еуразия экономика комиссиясына ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергі белгілерін анықтауға өтініш жолдаған.
14 қаңтарда "Россельхознадзор" Қазақстан Ресей аумағына бидай, зығыр және жасымық дәндерін кіргізуге қойылған шектеуді сақтамай отыр деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР