Accessibility links

Трамп АҚШ-тағы болат, алюминий импортына 25 пайыз баж салығын енгізді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ президенті Дональд Трамп елге сырттан келетін болат пен алюминийге 25 пайыз баж салығын енгізетін жарлыққа қол қойды.

Құжатта ерекше ештеңе жоқ деді Трамп. АҚШ-қа Канада, Бразилия, Мексика, Оңтүстік Корея және Вьетнам сияқты елдер жеткізетін болат пен алюминийдің бәріне баж салынады.

Трамптың айтуынша, мұндай шара металдарға салынатын баж салығын жеңілдетеді. АҚШ президенті америкалық тауарларға тарифтер қолданатын мемлекеттерге қарсы жақын арада баж салығын енгізуге уәде берді.

Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро баж салығы болат пен алюминий өндіретін америкалық компанияларға көмектеседі, бұдан бөлек, мұндай шара АҚШ-тың экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған деді.

АҚШ-тың жаңа тарифіне Еуропа одағы да реакция танытты. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен бұл шешімге қынжылыс білдіріп, баж салығы бизнес пен тұтынушыларға зиян тигізеді деді. Ол Еуроодақ негізсіз тарифтерге қатаң және осындай қарсы шаралармен жауап береді деп уәде етті.

Трамп бірінші президенттік мерзімі кезінде болатқа 25 пайыз, алюминийге 10 пайыз баж салығын енгізген, бірақ кейін АҚШ-тың кей сауда серіктесіне – Канада, Мексика және Бразилияға бажсыз сауда квоталарын берді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикадан келетін тауарларға жаңа баж салығын енгізуді бір ай кейінге қалдырған. Мұның алдында Мексика билігі есірткі трафигімен күресу үшін солтүстіктегі шекарасына 10 мың сарбаз жіберіп, сондағы күзетті күшейтуге келіскен. Жаңа тарифті енгізу 30 күнге жылжытылғаны жөнінде Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да хабарлады, ол да шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуге уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG