Accessibility links

Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" директорлар кеңесі төрағалығынан кетті


Нұрәлі Әлиев.
Нұрәлі Әлиев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның ұлы, кәсіпкер Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы өкілетін тоқтатты. Әлиев компанияның сатылуына байланысты акционерлер құрамынан шыққанын мәлімдеген. Оған компания акцияларының 75 пайызы тиесілі болған.

"Бұл – мен үшін де, керемет даму жолынан өткен компания үшін де маңызды кезең", – деп жазды Әлиев Instagram-дағы парақшасында. Назарбаевтың жиені 2013 жылы "Транстелеком" компаниясының президенті қызметіне кіріскенде 28 жаста еді.

"[Ол кезде] компания теміржол секторына қызмет көрсететін жергілікті шағын байланыс операторы болды. Алдымызда үлкен міндеттер тұрды: "Транстелекомды" қазіргі заманғы, жоғары технологиялық компанияға айналдыру, инновациялар енгізіп, жаңа бағыттарды дамыту. Команданың күші мен клиенттердің қолдауы арқасында біз бәріне қол жеткіздік", – деді Әлиев.

2014 жылы желтоқсанда Әлиев "Транстелекомнан" кетіп, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. 2016 жылы тамызда ол "Транстелекомға" директорлар кеңесінің мүшесі болып оралған.

2016 жылы "Транстелеком" компаниясы акцияларының 49 пайызын Марлен Мұқанов есімді әлдебір азамат 8,9 миллиард теңгеге сатып алды да, "Транстелеком" директорлар кеңесінің мүшесі атанған. Сол кезде "Транстелекомның" қалған – 51 пайыз акциясы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының иелігінде еді.

Мұқанов 2016 жылы компания акционері атанғаннан бастап "Транстелекомның" табысынан пайда көрген. 2016 жылы маусымда келіп, бес айдан соң 618,8 млн теңге дивиденд алған, екінші акционер – ҚТЖ 644,1 млн теңге алған. 2017 жылы "Транстелеком" табысынан Марлен Мұқановқа 1,1 млрд теңге, ҚТЖ-ға 1,2 млрд теңге дивиденд төленген.

Нұрәлінің "сенімді адамы" деп сипатталатын 41 жастағы Марлен Мұқановтың "Транстелекомдағы" ықпалы арта берген. 2020 жылы "Транстелекомның" тағы 26 пайыз акциясын 9,4 млрд теңгеден аса ақшаға сатып алған. Жыл аяғында Мұқановтың иелігіндегі акция үлесі 75 пайызға жеткен. 2021 жылы тамызда Мұқановтың "Транстелекомдағы" 75 пайыз акциясы Unit Telecom компаниясына өткен.

"Forbes Қазақстан" журналының жазуынша, 2025 жылғы 11 ақпандағы жағдай бойынша, eGov деректеріне сәйкес, "Транстелеком" акционерлері – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен Unit Telecom компаниясы болып тұр. Ал Unit Telecom құрылтайшылары – Нұрәлі Әлиев пен Дмитрий Покупателев деп көрсетілген. Покупателев – "Транстелеком" директорлар кеңесінің мүшесі.

Әлиев жазбасында "Транстелеком" 10 жыл ішінде Қазақстанды цифрландыру жөніндегі стратегияны дамытуға және іске асыруға елеулі үлес қосты, көп нәтижеге қол жеткізді" деп, оларды тізіп шықты.

"Транстелеком" – Қазақстандағы маңызы зор стратегиялық компания. Оның меншігінде көптеген кабель желісі, инженерлік желі мен нысандар бар. Компанияның көп бөлігі жеке қолға өткелі қызмет аясы да кеңейіп, мемлекеттен тендерді көп алатын болды. Компания "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасымен ауылдарға интернет тартты, "АстанаХаб" технопаркімен бірлесіп зертхана ашты. "Транстелекомның" бүкіл теміржол желісін 4G байланысымен қамтығаны, Алматы метросына Wі-Fі орнатқаны туралы да ақпараттар жарияланған.

Бұған дейін цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин ауылдарға интернет тарту жұмысын сынға алып, "Транстелеком" компаниясын "не өзі істемейді, не басқалардың істеуіне мүмкіндік бермейді" деп монополистер қатарына жатқызған. Мусин үкімет отырысында жасаған баяндамасында компанияның жеке меншікке сатылған акцияларына тексеріс жүргізуді де ұсынған. 2020 жылы "Транстелеком" әкімшілігі монополияға қарсы заң талаптарын "сақтап отырмыз" мәлімдеген.

40 жастағы Нұрәлі Әлиев – Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің қатарына кіреді. "Forbes Қазақстан" журналы былтыр оның байлығын 220 миллион доллар деп бағалаған, оның түрлі салада бизнесі бар. Ол 27 жасында, Қазақстанды нағашы атасы билеп тұрған кезде, елдегі ең жас мультимиллионер атанған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG