АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған палестиналық ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған Израиль азаматтарын 15 ақпанда түске дейін босатпаса, Израиль Газа секторындағы атысты қайта бастауға дайын. Мұны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді.
Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, алдағы сенбі күні, Израиль мен палестиналықтар арасындағы бітімнің бірінші кезеңіне сәйкес, ХАМАС кепілде ұстап, тірі қалған тоғыз адам босатылуға тиіс.
Ynet басылымының жазуынша, Израиль әскери кабинетінің мұндай шешімі АҚШ президентінің ультиматумын қолдағанын көрсетеді. Бұған дейін Дональд Трамп кепілде қалған адамдар 15 ақпан түске дейін қайтарылмаса, Газадағы атысты тоқтату режимінен бас тартуға кеңес беретінін айтқан.
Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі биыл қаңтардың ортасында күшіне енген. 42 күн ішінде ХАМАС кепіл ретінде Газаға күштеп алып кеткен Израильдің 33 азаматын босатуға тиіс болған. Олардың сегізі қайтыс болған деген болжам бар. Ал Израиль екі мыңға жуық палестиналық тұтқынды босатып, Газа секторынан әскерін шығаруды бастауы керек.
9 ақпанда келісім бойынша, Израиль сектордың орталық бөлігін бөліп жатқан Нецарим дәлізінен әскерін шығарды.
- Екінші кезеңде тараптар, келісімнің алғышарты бойынша, атысты толығымен тоқтатып, Израиль түрмелерінде отырған мыңға жуық палестиналық тұтқынын, ал ХАМАС кепілде ұстап отырған қалған адамдарды босатуы керек. Алайда мәміленің екінші кезеңінің жай-жапсары әлі толық келісілмеген. Қатар елінде араағайындардың қатысуымен келіссөз әлі жалғасып жатыр.
- Үшінші кезеңде екі тарап қаза тапқан адамдарды айырбастауы керек. Сонымен қатар, Египет, Қатар және БҰҰ бақылауымен Газа секторында қалпына келтіру жұмыстарын бастау қарастырылған.
- 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израиль аумағына шабуыл жасап кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын өздерімен бірге Газаға алып кеткен. Тель-Авив бұған қарымта ретінде осы ұйым бақылауындағы Газа секторын алыстан атқылап, кейін оған әскер кіргізген. Газада 99 адам кепілде қалған еді, олардың бір бөлігі тірі қалмаған болуы мүмкін. Атысты тоқтату және кепілдегі адамдарды босату туралы келісімге Қатар, АҚШ және Египет араағайын болды.
ПІКІРЛЕР