Accessibility links

ХАМАС кепілде ұстаған израильдіктердің тағы үшеуін босатты


Қызыл крест халықаралық ұйымының автокөлігі ХАМАС тобы кепілден босататын израильдіктерді алып кетуге келіп тұр. Дейр-әл-Балах, Газа секторы, 8 ақпан, 2025 жыл.
Қызыл крест халықаралық ұйымының автокөлігі ХАМАС тобы кепілден босататын израильдіктерді алып кетуге келіп тұр. Дейр-әл-Балах, Газа секторы, 8 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израиль аумағына шабуылдап, кепіл ретінде Газаға күштеп алып кеткен тағы үш израильдікті босатты.

ХАМАС 52 жастағы Эли Шараби, 56 жастағы Охад Бен-Али және 34 жастағы Ор Левиді алдымен Қызыл крест халықаралық ұйымының өкілдеріне берген, кейін олардың шекарадан өткенін Израиль армиясы (ЦАХАЛ) растады. ХАМАС тұтқында 491 күн болған оларды алдымен дәрігерлер тексеріп, денсаулық жағдайы қандай күйде екенін анықтайды.

Израиль кепілден босаған азаматтарының орнына 183 палестиналықты қамаудан босатты, арасында өмір бойына сотталған 18 адам бар.

Кепілде болған израильдіктерді Қызыл крест өкілдеріне тапсырмас бұрын ХАМАС оларды сахнаға алып шыққан. Үшеуінің боп-боз жүзінен әбден қажығаны байқалады деп жазды The Times of Israel басылымы.

"Бүгін біз көрген жан түршігерлік көріністер жауапсыз қалмайды", – деп мәлімдеді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесінің өкілдері.

  • 2025 жылғы 15 қаңтарда Израиль мен ХАМАС араағайындардың қатысуымен Газадағы атысты тоқтату және ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдарды Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарға айырбастау туралы мәмілеге келгені белгілі болды. Келісім шарты бойынша, 42 күнді алатын бірінші кезеңде Израиль қорғаныс армиясы Газадан әскерін шығара бастайды, ал ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде тұтқынға алған 33 адамды босатады.
  • Екінші кезеңде тараптар, келісімнің алғышарты бойынша, атысты толығымен тоқтатып, ХАМАС Израиль түрмелерінде отырған мыңға жуық палестиналық тұтқындардың орнына ХАМАС кепілге алған адамдарды босатуы керек. Алайда мәміленің екінші кезеңінің жай-жапсары әлі толық келісілмеген. Қатар елінде араағайындардың қатысуымен келіссөздер жалғасып жатыр.
  • Үшінші кезеңде екі тарап қаза тапқан адамдарды айырбастауы керек. Сонымен қатар, Египет, Қатар және БҰҰ бақылауымен Газа секторында қалпына келтіру жұмыстарын бастау қарастырылған.
  • 2023 жылғы қазанда ХАМАС Израиль аумағына кіріп, шабуыл жасаған соң, Тель-Авив бұған жауап ретінде осы ұйым бақылауындағы Газа секторын алыстан атқылап, кейін оған әскер кіргізген. ХАМАС Израильге шабуыл жасағанда 250-ге жуық адамды кепілге алған. Газада 99 адам кепілде қалған еді, олардың бір бөлігі тірі қалмаған болуы мүмкін. Атысты тоқтату және кепілдегі адамдарды босату туралы келісімге Қатар, АҚШ және Египет араағайын болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG