Ливанда жаңа үкімет құрылғаны туралы ақпарат 8 ақпанда жарияланды. Құрамына 24 министр енген жаңа үкіметтің басшылығына БҰҰ Халықаралық сотының бұрынғы төрағасы Науаф Салам келді.
Жаңа кабинет үш аптадан астам уақытқа созылған келіссөздер нәтижесінде жасақталды. Келіссөзде талқыға түскен басты мәселелердің бірі – жаңа үкіметте шииттердің "Хезболла" тобына жақын күштер қандай рөл атқаратыны жайлы болды. Израильмен қырғи-қабақ және Иран қолдайтын бұл ұйым АҚШ-та террористік деп танылған, Еуроодақ аталған топтың әскери қанатын ғана террористік ұйымдар санатына жатқызған. Ливанда "Хезболла" заңды мәртебеге ие және саяси процеске айтарлықтай әсер етеді.
Жұма күні АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілінің орынбасары Морган Ортагус Ливанның жаңа кабинетіне "Хезболланың" қатысуы Вашингтон үшін "қызыл сызық" болатынын айтып, "Хезболла" мен Израиль арасындағы қақтығыстан кейін елді қалпына келтіруге және реформаларды жүзеге асыруға АҚШ-тан көмек алу бұл топтың үкіметке қаншалықты ықпал ететіндігіне тікелей байланысты болмақ деп мәлімдеді.
Таяу Шығыстағы ақпарат құралдарының хабарлауынша, ақыр аяғында "Хезболламен" одақтас "Амаль" партиясы жаңа кабинетте төрт орынға (қаржы министрі қызметімен бірге) ие болады деген келісімге келді. Бұл "Хезболлада" енді "тосқауыл пакеті" болмайды дегенді білдіреді, әдетте ондай тоқсауылды үкіметтегі орындардың үштен біріне ие күштер қоя алатын.
АҚШ-тың Ливандағы елшілігі келіссөздер нәтижесін құптады, Еуроодақ та Ливанда жаңа министрлер кабинеті құрылғанын оң бағалады.
Жаңа үкіметтегі төрт орынды "Хезболланың" басты бәсекелесі, Ливан христиандарының мүддесін қорғайтын "Ливан күштері" партиясы иеленді. Барлығы кабинет құрамында 12 христиан мен 12 мұсылман болады.
Үкімет басшысы жаңа кабинет реформаларды жүзеге асыруға, соның ішінде қаржы секторында реформалар жүргізуге, сондай-ақ Израиль мен Ливан арасындағы бітімгершілік туралы келісімді іске асыру – басым бағыттар болатынын айтты, оған сәйкес 18 ақпанға дейін Израиль күштері Ливан аумағынан кетуі керек.
Биыл қаңтарда Ливан парламенті Джозеф Аунды ел президенті етіп сайлағаннан кейін жаңа үкімет құруға мүмкіндік туды. Президент қызметі 2022 жылдың қазан айының аяғынан бері бос тұрған, ол жолы қазіргі президентпен сойы бірдей Мишель Аунның қызмет өкілетінің мерзімі аяқталған еді. Джозеф Аунды АҚШ пен Сауд Арабиясы қолдайды.
Сарапшылар жаңа үкіметтің құрамы "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралла қаза тапқаннан кейін Ливанның ішкі саясатындағы елеулі өзгерістер және былтыр Израильмен болған қақтығыс салдарынан ұйымға үлкен шығын келгенін көрсетеді дейді. Оған қоса, Иран қолдап келген Сирия президенті Башар Асад билігінің құлауы да қатты соққы болып тиді, себебі Асад Сирия аумағын Ираннан Ирак арқылы "Хезболлаға" қару-жарақ транзитіне жол ашып қойған еді.
ПІКІРЛЕР