Accessibility links

Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын, Тегеран оған қысым болмауы керек дейді


Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран өзінің ядролық бағдарламасы мен оған қатысты санкциялар бойынша АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын деп мәлімдеді. Дегенмен келіссөз АҚШ президенті Дональд Трамптың "барынша қысым көрсету" стратегиясы бойынша өте алмайды деді ол.

"Санкцияларды алып тастауға келіссөздер қажет, бірақ "барынша қысым көрсету" саясаты аясында емес, өйткені бұл келіссөз емес, тізе бүгудің бір түрі болар еді", – деді Аракчи әлеуметтік желіде.

"Иран бір уақытта жаңа санкциялар салып отырған елмен келіссөз жүргізгісі келмейді", – деді ол.

4 ақпанда Трамп Иранның мұнай экспортына кедергі келтіруге және оның ядролық бағдарламасын бәсеңдетуге бағытталған "барынша экономикалық қысым көрсету" саясатын қайта бастау туралы жарлыққа қол қойған. Ол АҚШ қаржы министрлігіне санкциялар мен бұған дейін салынған санкцияларды бұзған жеке және заңды тұлғаларға мәжбүрлеу тетіктері арқылы қысым жасауды тапсырды.

Бұдан бөлек, АҚШ президенті қаржы министрлігі мен мемлекеттік департаментке Ираннан мұнай экспортын нөлге дейін төмендететін науқан жүргізуді жүктеген.

Меморандумға қол қойған кезде Трамп оны тым қатал деді, бұған қоса, Иранмен келісімге келуге дайынмын деп мәлімдеді. "Меніңше, бұл өте қарапайым: Иранда ядролық қару болмауы керек", – деді Трамп.

2015 жылы әлемдік елдермен жасалған маңызды келісім Иранға оған дейін салынған санкцияны жеңілдетіп, оның өтеміне Иранның ядролық бағдарламасын шектеген.

Бірақ Трамп бірінші президенттік мерзімі кезінде АҚШ-ты бұл келісімнен шығарып, 2018 жылы санкция салуды қайта бастады, бұл Тегеранды тездетіп уран байытуға, ядролық нысандарына халықаралық инспекция жасауды шектеуге мәжбүрледі.

АҚШ ядролық келісімнен шыққан кезде Трамп Тегеран келісімнің рухына сәйкес келмейді, ядролық қаруды дамытуды жалғастырып отыр деп айтқан. Ол Иранды аймақтағы экстремистік зорлық-зомбылықты қолдады деп айыптады, Тегеран мұны жоққа шығарған.

Аракчи "Иран қандай жағдай болмасын ешқашан ядролық қару жасауға немесе алуға тырыспайтынын анық айтты" деді.

Ол "Иранға қарсы дұшпандық шаралар, соның ішінде экономикалық қысым мен санкциялар тоқтатылатынына объективті кепілдік берілсе, Иранның ядролық қаруы болмайтынына практикалық кепілдік алу қиын емес" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG