Accessibility links

Қазақстандық арнаға сұхбат берген қырғыз әншісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды


Қырғыз әншісі Қайрат Пірімбердиев AIRAN YouTube-арнасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.
Қырғыз әншісі Қайрат Пірімбердиев AIRAN YouTube-арнасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) елдің еңбек сіңірген әртісі, әнші Қайрат Пірімбердиевтің үстінен Қылмыстық кодекстің "Нәсілдік, этникалық, діни және ұлтаралық араздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған елден шығуға тыйым салынды деп хабарлады.

Арнайы қызметтің мәліметінше, әншінің үстінен іс қозғауға оның Қазақстандағы AIRAN YouTube-арнасына берген сұхбаты себеп болған. ҰҚМК Пірімбердиев сұхбатта "араздық қоздыратын мәлімдемелер жасаған" деді. Комитеттің хабарлауынша, қазір тергеу жүріп жатыр.

9 қаңтарда AIRAN YouTube-арнасында "Қырғыздардың қазақтардан қандай айырмашылығы бар? Қырғызстандағы демократияға кім кедергі болды?" деген тақырыпта бір сағаттан асатын видео шыққан.

Арнаға қырғыз мәдениетінің бірнеше өкілі, сондай-ақ Семетей Аманбеков, Азат Рузиев, Элери Битикчи, Элдияр Кененсаров, Искендер Шаршеев, Қайрат Пірімбердиев сияқты түрлі саладағы сарапшылар сұхбат беріп, екі халық арасындағы қарым-қатынас және Қырғызстандағы кейбір әлеуметтік, саяси және экономикалық құбылыс туралы пікір білдірген.

Видеода 19-ғасырда өмір сүрген қазақ ханы Кенесары Қасымұлы туралы да сөз болған. Қазақстандық журналистер екі ел арасындағы дау жалғасып жатқанын айтып, "Орман хан соншалық қатыгездік танытпай, тату көрші екенін көрсетсе болар ма еді?" деген сұрақ қояды.

Қайрат Пірімбердиев Орман хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болды деп жауап берген. "Бұл үшін өз атымнан қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді", – деген ол. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды. Кейін әнші AIRAN арнасына бір сағатқа жуық сұхбат бергенін, осы тарихи оқиға туралы егжей-тегжейлі айтқанын, бірақ жауабы шығарылымға толық енбей қалғанын мәлімдеген.

Қайрат Пірімбердиев шығармашылықтан басқа, Қырғызстандағы қоғамдық істерге белсенді қатысады, елде болып жатқан оқиғалар туралы ашық пікір білдіреді.

Кенесары Қасымұлы – 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы.

Қырғыз тарихшылары ол қырғыздарға шабуыл жасап, 1845 жылдан бастап қарапайым жұртқа тізе батырып, зорлық-зомбылық жасаған деп жазған. 1847 жылы Орман ханның басшылығымен қырғыздар Кенесары ханның әскерін талқандап, өзін тұтқынға алған, біраз уақыттан кейін оны өлтірген деген мәлімет айтылады.

Кенесары ханның сүйегі қайда екені туралы нақты ақпарат жоқ. Кейбір мәліметтерде оның бас сүйегі Санкт-Петербургтегі Эрмитаж немесе Кунсткамера музейінде болуы мүмкін деген болжам айтылған. Ресей жағы ол ақпаратты растаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG