Accessibility links

Шымкентте сот бұрынғы судьяны жеті жарым жылға соттады


Судья Әбинұр Қарабаев сот үкімін оқып тұр. Шымкен, 10 ақпан 2025 жыл.
Судья Әбинұр Қарабаев сот үкімін оқып тұр. Шымкен, 10 ақпан 2025 жыл.

10 ақпан күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың бұрынғы судьясы Жанат Мүсірәліні “алаяқтық” бабымен кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды. Мүсірәлі Азаттыққа үкімге келіспейтінін мәлімдеді.

Мүсірәлімен бірге сот “алаяқтық” бабымен айыпталған адвокат Мұрат Жахаев пен Айдар Алтаевты да кінәлі деп тапты. Сот Жахаевқа 6 жыл 8 ай, Алтаевқа 5 жыл түрме жазасын кесті.

Сот мәліметінше, сотталушы Алтаев пен Жахаев 2023 жылы өзге бір қылмыстық істе бір адамға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауға көмектесуге уәде беріп, күдіктінің әйелінен 247 мың АҚШ долларын алған. Оның 60 мың доллары судья Мүсірәліге берілген. Кейін ол адам жемқорлықпен күрес агенттігіне арыз жазып, ақырында судья мен адвокаттардың қылмысы әшкере болған.

Сот тергеуінде бұрынғы судья Мүсірәлі ақшаны жәбірленушіден қарызға алып, бөліп-бөліп қайтарғанын айтқан.

Дегенмен үш адам тек «алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танылды, ал «аса ірі мөлшерде пара алу» күдігі бойынша “қылмыс құрамы болмауына байланысты” ақталды.

Судья Әбинұр Қарабаевтың айтуынша, олар пара берушіні пара беруге азғырмаған.

Жахаев денсаулығына байланысты үкімді тергеу изоляторынан онлайн тыңдады. Үйқамақта болған Мүсірәлі мен Алтаев сот залынан қамауға алынды. Мүсірәлі мен Алтаевтың қамаудағы екі күні бір күнге, Жахаевтың түрмеде өткен бір күні бір жарым күнге есептелінетін болды.

Сотталушы адвокат айыпты ішінара мойындаған, ал Алтаев айыпты толық мойындап тергеу амалдарына көмектескен. Мүсірәлі тағылған айыпты мойындамаған.

Мүсірәлі Азаттыққа үкімге келіспейтінін айтты. “Міндетті түрде апелляциялық шығым түсіремін” деді ол. Сотталушылар сот залында өздерін фото, видеоға түсіруге тыйым салды.

Адвокат Жахаев 7 жылға адвокат болу, ал Мүсірәлі өмір бойына судья болу құқығынан айырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG