Ресейдің солтүстік-батысындағы Ленинград облысында, Фин шығанағындағы Усть-Луга портында мазут тиелген Koala танкерінде апат болған деп хабарлады "Фонтанка" басылымы.
Baza дерегі бойынша, танкерге 130 мың тонна отын артылған. Telegram-арнасы дереккөздерінің айтуынша, танкердің машина бөлімінде бірнеше жарылыс болған, алайда бұл ақпаратты "Фонтанка" әзірге растаған жоқ.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Усть-Луга портында танкердің "қозғалтқышын іске қосқан кезде болған техногендік сипаттағы оқыс оқиғадан" машина бөліміне зақым келген деп мәлімдеген.
Антигуа және Барбуда туын көтеріп теңізге сапарға шығып жүрген Koala танкерінің экипажы 24 адамнан тұрады: төртеуі - Ресейдің, сегізі – Грузияның, он екісі – Индонезияның азаматтары.
"Mash на Мойке" telegram-арнасы танкер қайранға шөгіп қалған, экипаж толық эвакуацияланған деп жазды. Алдын ала деректерге қарағанда, танкерден теңізге отын төгілгені жайлы ақпарат жоқ.
Былтыр желтоқсанда Қара теңіз бен Азов теңіз арасында танкерлер батып кетіп, Мәскеу 2014 жылы аннексиялап алған Қырымдағы Керчь жағалауынан мазут табылғаннан кейін Ресей билігі аймақта төтенше жағдай жариялаған. Ресейлік "Волгонефть 212" және "Волгонефть 239" танкерлері Керчь бұғазында 15 желтоқсанда апатқа ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа кеме экипажының дауыл кезінде қателесуі себеп болған.
Танкерлер шамамен 9 мың тонна мазут әкеле жатқан. Ресей билігі жағалаудағы 54 шақырым жерге мұнай өнімі төгілгенін хабарлаған.
Greenpeace зертханасының жетекшісі Пол Джонсон бұл оқиға Қара теңіздегі ең ірі техногенді апаттардың бірі болуы мүмкін деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР