АҚШ-та федералды судья Пол Энгельмайер миллиардер Илон Маск басқаратын жаңадан құрылған мемлекеттік тиімділік департаментіне (DOGE) мемлекеттік төлемдер жүйесіне кіруді шектейтін шешім қабылдады. Бұл жүйеде мемлекеттік қаржыландыру туралы барлық деректерді, соның ішінде жәрдемақы немесе сақтандыру төлем ақшасын алатын миллиондаған америкалықтардың жеке деректері жинақталған. Сот шешімінде DOGE-дің азаматтар мен компаниялардың деректеріне қол жеткізуі оларға "орны толмас зиян келтіруі" мүмкін екендігі айтылған деп хабарлады CNN.
Осы жүйеде өзге деректерге қоса, салық төлемдерін қайтару, мүгедектігіне байланысты төленетін ақша және мемлекеттік қызметшілердің жалақысы туралы мәліметтер бар.
Судья Пол Энгельмайер биылғы 20 қаңтардан кейін, яғни АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың инаугурациясынан және DOGE жұмысын бастағаннан бері жүйеге кіргендердің бәріне жүйеден жүктеп алған бүкіл деректі жоюға пәрмен берді. Бұл – алдын-ала шешім. Осы іс бойынша сот тыңдауы 14 ақпанда өтеді.
Соттың алдын-ала шешімі АҚШ-тың 19 штатының бас прокурорлары түсірген талапқа жауап болды. Прокурорлар талабында егер DOGE мемлекеттік төлемдерді қайта қарау мүмкіндігіне ие болса, бұл жағдай денсаулық сақтау мекемелерінің, балабақшалардың және климаттық бастамалардың федералды қаржыдан айырылуына, оған қоса компьютерді бұзып кіру қаупінің артуына апарып соғуы мүмкін деген.
Бас прокурорлары сотқа талап түсірген барлық 19 штат бұрыннан Демократиялық партияны қолдайтын, Республикалық партиядан сайлауға түсіп, АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трампқа оппозициядағы штаттар болып саналады.
Миллиардер Илон Маск басқаратын мемлекеттік тиімділік департаменті (DOGE) биыл президент Трамптың жарлығымен жаңадан құрылған. Ол мемлекеттік бюджеттің басы артық шығындары мен шенеунік санын азайтуды көздейді. Демократиялық партияны қолдайтындар Маск қызмет өкілетін асыра пайдаланып отыр деп есептейді, ал DOGE жұмысы ауадай қажет мемлекеттік бағдарламаларды тоқтауына және мемлекеттік қызметшілердің жаппай жұмыстан босатылуына әкеп соғуы мүмкін дейді.
Илон Маск өз иелігіндегі Х әлеуметтік желісіндегі парағына DOGE пен АҚШ қаржы министрлігі мемлекеттік төлемдерді санаттарға жүктеп, әрқайсы бойынша жазбаша негіздеме талап ететін болады деп жазды. Ол судья Энгельмайер "ессіз" шешім қабылдады деп сын айтты.
ПІКІРЛЕР